Астанада халық көп жиналатын нысандарға қатаң тексеру жүргізіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әкімдігі халық көп жиналатын сауда және ойын-сауық, мәдени-спорттық, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына қатаң тексеру жүргізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 
None
None

Аталған тексеру жұмыстарын қала әкімі Әсет Исекешев өз бақылауына алды.

«Кешеден бастап, қала әкімі Әсет Исекешевтің арнайы тапсырмасымен халық көп жиналатын қоғамдық орындарда тексеру жүргізу жұмыстары басталды. Астанадағы үш аудан әкімдіктерінде арнайы комиссия құрылды, олар өз аумақтарындағы нысандарды толығымен тексереді. Арнайы комиссиялар құрылып, оқу-жаттығулар, оперативтік-профилактикалық іс-шаралар атқарылады. Бұл жұмыстарды Әсет Исекешев өз бақылауына алды», - деп мәлімдеді Астана қаласы әкімдігінің ресми өкілі Эльвира Жүргенбаева Астана әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында.

Баспасөз хатшысының айтуынша, Астана қаласы бойынша 117 сауда орны тіркелген. Одан бөлек, қала ішінде адам көп шоғырланатын 200 ірі қонақүй, 60 хостел және 600-ден астам тамақтанатын орындар бар.

Сонымен бірге Астанада 60-тан астам денсаулық сақтау орындары, 300 мектепке дейінгі мекеме, 100 мектеп, 10 арнайы білім беру мекемелері және 50 колледж бен жоғары оқу орындары бар.

«Астана бойынша өрт немесе төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары кеше немесе бүгін басталған жоқ. Жыл сайын арнайы комиссия нысандарға тексеру-тергеу жұмыстарын жүргізеді. Әсіресе денсаулық сақтау және білім беру орталықтарына ерекше көңіл бөлініп, арнайы тексеру жылына бірнеше рет жүргізіледі», - деп атап өтті Э. Жүргенбаева.

Оның айтуынша, биыл наурыз айынан бастап, Астананың 70-ке жуық білім беру орындары тексерілген. Тексеру жұмыстарына қалалық ТЖ депаратменті, әкімдіктегі жауапты мамандар және ата-аналар да қатысқан. Мамыр айының соңына дейін барлық білім ордаларына тексеру жүргізу жоспарланған.

Тексеру жұмыстарынан бөлек, наурыз айында мектептер мен балабақшаларда жасөспірімдер мен балаларға төтенше жағдайдағы іс-қимыл бойынша оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілген.

Денсаулық сақтау мекемелерінде де жыл басынан бері 25 нысан тексеруден өткен. Нәтижесінде өрттің алдын алуды орындамау, қажетті құралдардың болмауы сынды түрлі деңгейдегі 139 ереже бұзу анықталып, 9 лауазымды тұлға әкімшілік жауапқа тартылған.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасына қарасты 38 денсаулық сақтау мекемесі бар. Оның 37-і бойынша ТЖ депаратментінен өрт сөндіру аудиті оң нәтиже берген.

Брифинг барысында ресми өкіл Астана әкімдігі тарапынан қауіпсіздік ережесін бұзғандарға жазаны күшейту туралы ұсыныс берілгенін атап өтті.

«Әлеуметтік желіде халық қауіпсіздік ережесін бұзғаны үшін жауапты тұлғаларға тек қана айыппұл салудың жеткіліксіз екені жазылуда. Осыған орай, Астана әкімдігі тарапынан қауіпсіздік ережесі бұзылып, адам денсаулығына қауіп төнген жағдайда сауда орындары немесе білім беру ошақтарының басшыларына тағайындалатын жазаны қатайту бойынша ұсыныс жасалады», - деп толықтырды сөзін Э. Жүргенбаева.

Сондай-ақ, ресми өкілдің мәлімдеуінше, кез келген ғимараттағы қауіпсіздік талаптарының сақталмауы туралы жәйттер бойынша Астана тұрғындары әкімдіктің «109» қызметіне арыз-шағым жібере алады.

Еске сала кетсек, 25 наурыз күні Ресейдің Кемерово қаласында «Зимняя вишня» сауда үйінде өрт шығып, соңғы деректерге сәйкес 64 адам қаза тапты.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады.

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарында өрт қауіпсіздігін тексеруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар