Астанада халықаралық деңгейдегі тұңғыш «Жайдарман» ойыны басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорданың «Конгресс холл» концерт залында тіл фестивалі аясында ел тарихындағы тұңғыш халықаралық «Жайдарман» ойыны басталды.
None
None

Әзіл сайысына ел өңірлерінен келген командалармен бірге, РФ Татарстан мен Башқұртсанның, Қырғыз Республикасының құрамалары өзара мықтыны анықтап жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 «Жайдарман» ойынын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің мемлекеттік тапсырмасы негізінде Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы мен «Қазақстан КВН одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігі бірлесіп өткізуде.

«Жайдарман арқылы қазақ тілінің сәнге айналуына зор үлес қосып жатырмыз деп ойлаймыз. Мақсатымыз - осы ойындарды халықаралық деңгейге жеткізу болып отыр. Бүгінгі ойын осы мақсаттың алғышарты болар деп ойлаймыз», - деді «Жайдарман» жүргізушісі, Қазақстан КВН одағының төрағасы Есен Елеукен.

КВН-шілердің ойынына қазылық етуге «QAZAQ RADIOLARY» ЖШС директоры Мәди Манатбек, қоғам қайраткері «Егемен Қазақстан» басылымының басшысы Дархан Қыдырәлі, белгілі тележүргізуші, ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі Берік Уәли, танымал кино және театр актері Нұркен Өтеулиев, сатирик Көпен Әмірбек келіп отыр.

««Жайдарман»  ойындары  жастардың шығармашылық алаңы ғана емес, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен астарлай жеткізетін өнер додасына айналған және қазақстандықтар сүйіп көретін телевизиялық жоба ретінде қалыптасты. «Жайдарман» алаңының мектеп жасындағы жеткіншектермен қатар студенттерді, жұмысшы жастарды қоса алғанда 200 мыңға жуық таланттыларды топтастырғаны көңіл қуантады», - дейді ұйымдастырушылар.

10 команда арасындағы алғашқы ойынды Өскеменнен келген «Алтай» командасы бастады.

Соңғы жаңалықтар