Астанада I Халықаралық білім форумы басталды
АСТАНА. 9 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы «Көрме» орталығында «WORLDDIDAC Astana 2013» I Халықаралық білім форумының жұмысы басталды.
Форумда білім-ғылым, инновациялар мен технологияларды дамыту мәселелері талқылануда. Ал өзара тәжірибе алмасу мақсатында жетекші сарапшылардың қатысуымен сан алуан семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылады. Сондай-ақ үш күндік мәжіліс кезінде халықаралық және отандық компаниялардың білім беру жобалары, қашықтан оқыту және электронды оқыту жүйесі, интерактивті құрал-жабдықтар мен мультимедиялық технологиялар таныстырылады. Сондай-ақ форум аясында білім беру саласындағы инновацияларға арналған көрме ашылды.
Бүгін форумның салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов, «Worldidac» қауымдастығының президенті Василиос Фтэнакис және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбек қатысты. Ертең, форум жұмысына ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов қатысады деп күтілуде.