Астанада ІІМ курсанты 2 ойын аппаратын ұрлап кетті

АСТАНА. ҚазАқпарат -Еліміздің Ішкі істер министрлігіне қарасты академияның курсанты елордада екі ойын аппаратын ұрлап кетті. Бұл жайында ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астанада ІІМ курсанты 2 ойын аппаратын ұрлап кетті

«Астанада қалалық ішкі істер департаментінің криминалдық полиция қызметкерлері ҚР ІІМ Қарағанды академиясының курсантын ұстады. Ол полиция қызметкерінің киім үлгісін киіп, белгісіз адамдармен бірге 2 ойын аппаратын алып кеткен», - деді департамент басшысы.

Сонымен қатар, ол маңғыстаулық учаске инспекторының жат әрекеті жайында айтты.

«12 тамыз күні Шымкентте Маңғыстау облыстық жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы басқарып келе жатқан көлік жол қозғалысы ережесін бұзғаны үшін тоқтатылған. Мән-жайды анықтау барысында жүргізуші және оның жолаушысы - Түркістан облыстық жергілік полиция қызметінің учаскелік полициясы мас болып, Шымкент қалалық ІІД өзіндік қауіпсіздік қызметінің инспекторына барынша қарсылық білдірген», - деді ол.

Аталған фактіге сәйкес ҚР ҚК 380-бабының 1-тармағы (Билік өкіліне қарсы зорлық-зомбылық көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Көрнекі сурет