Астанада ІІМ қызметкері жаттығудан кейін көз жұмды
АСТАНА. ҚазАқпарат - ІІМ қызметкері, 34 жастағы әйел адам, Астанада жаттығу залында жаттығудан кейін көз жұмды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне министрліктің ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлімдеді.
«17 қыркүйек күні «Алатау» спорт кешенінің жаттығу залында 34 жастағы ІІМ қызметкер жаттығудан кейін көз жұмды. Ол 15-17 қыркүйек аралығында өз еркімен жаттығу залына барып жүрген. Бұрын ол жаттығу залына бармаған», - деп атап өтті Н. Ораз.
Оның айтуынша, ес-түссіз жатқан ІІМ қызметкеріне ең алғашқы медициналық көмекті кешеннің медбикесі көрсеткен. Алайда тез арада жеткен «Жедел жәрдем» дәрігерлері әйелдің өмірін сақтап қала алмады.
«Сот-медициналық сараптама жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйел өлімінің анық-қанығы зертелуде», - деді Н. Ораз.