Астанада инвестиция тарту жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында инвестиция тарту мәселесіне ерекше тоқталды. Бұл ретте, Астана қаласында капитал ағыны үшін қолайлы инвестициялық ахуал құру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн.

зачем страны инвестируют в госдолг США
Фото: Pixabay

Еліміз бойынша статистикаға көз жүгіртсек, елорда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі бойынша тау-кен өндірмейтін өңірлер арасында жыл сайын көшбасшы орында тұр.

Әсіресе, шетелдік инвесторлармен әріптестікті дамыта түсіп, ынтымақтасу – басты назарда. Шетелдік инвестициялардың негізгі көздері Нидерланд, Бельгия, АҚШ, Швейцария, Ресей, Оңтүстік Корея және өзге де мемлекеттер ел экономикасына қаржы құюға ниетті.

Осы ретте, елордада «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін және жобаларды сүйемелдеуді жүргізетін «Астананы дамыту орталығы» фронт-офисі жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Бұл маңызды шаруаға «Astana Invest» мамандары да көмек көрсетеді. Бұл – елорданың арнайы экономикалық аймақтарының басқарушы компаниясы.

Аталған орталықтардың мамандарына хабарласқанымызда, олар инвесторлар өз қызметінің сипаты мен саласына байланысты әртүрлі нысандарда мемлекеттік қолдау ала алатынын атап өтті. Сондай нысандардың бірі – инвестициялық келісімшарт немесе инвестициялық келісім негізінде берілетін инвестициялық преференциялар.

«Инвестициялық келісімшарт механизмі жер учаскелерін беру, кедендік баждар мен салықтардан босату және шетелдік жұмыс күшін тарту мүмкіндігі сияқты бірқатар жеңілдікті қарастырады. Сондай-ақ алдыңғы жылдары 25 жылға дейінгі мерзімге жасалатын және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық жеңілдікті білдіретін инвестициялар туралы келісім іске қосылған болатын. Бұл жеңілдіктерді алудың басты шарты – жобаның Үкімет бекіткен басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкестігі», - дейді «Астананы дамыту орталығы» фронт-офисі басшылығы.

Қолдаудың тағы бір түрі – «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заңнамаға сәйкес берілетін жеңілдіктер. Олар «Астана – жаңа қала» және «Астана-Технополис» арнайы экономикалық аймақтарының қатысушыларына ұсынылады. Бұл артықшылықтар инвесторларға жер учаскелерін, кейбір салықтар мен кедендік баждардан босатуды және шетелдік жұмыс күшін жұмысқа тартудың жеңілдетілген тәртібін ұсынады.

«Астана даму орталығы» және «Astana Invest» фронт-офистері жоғарыда көрсетілген қолдау шараларын өтеусіз және жан-жақты көмек көрсетеді. Елорда экономикасына ықтимал қайта инвестициялау үшін жер учаскесін ресімдеуден бастап, объектілерді пайдалануға бергеннен кейін жобаларға байланысты барлық мәселені шешуге көмектеседі.

Әрбір жобаға нақты менеджер бекітіліп, қадамдық жол картасы жасалып, нақты уақыт режимінде жобалар бойынша мониторинг жүргізуге және іске асыру барысын бақылауға мүмкіндік беретін «Инвестициялық жобалар картасы» электрондық жүйесі іске қосылды.

Сонымен қатар, апта сайын барлық мемлекеттік мекемелердің, коммуналдық қызметтердің және басқа да мүдделі тұлғалардың қатысуымен жұмыс кеңестері өткізіледі, онда инвестордың әрбір мәселесі жеке қаралады, пәрменді шешімдер қабылданады, осылайша, инвестордың бірде-бір бастамасы немесе проблемасы әкімдіктің назарынан тыс қалмайды.

Сондай-ақ индустриялық парктер жұмысының оң әсерін атап өткен жөн. Бүгінгі таңда №1 Индустриалды парктің экономиканы дамытудағы рөлі орасан. Қазір жалпы ауданы 409 гектар болатын 150 жобаға арналған осындай екінші паркті құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Басым бағыттардың қатарында машина жасау, химия, металлургия, тамақ, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ағаш өңдеу, фармацевтика, қойма шаруашылығы және IT технологиялар саласы бар.

Еске салсақ, Президент инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңыздылығына тоқталды.

«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс», - деді Президент.

Соңғы жаңалықтар