Астанада Іскерлік әкімшілік басқару докторы (DBA) бағдарламасы курстары өтеді
Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында аталған бағдарламаның ғылыми жетекшісі, РФ ҒА-ның академигі, Әлемдік халықаралық экономикалық қауымдастықтың құрметті президенті Абел Аганбегян мәлім етті.
РФ Үкіметі жанындағы Халық шаруашылығы академиясының Корпоративті басқару мектебінің аталған бағдарламасы бизнесті сауатты басқара алатын топ-менеджерлерді даярлауға бағытталған. Ол АҚШ-тың және бірқатар еуропалық мемлекеттердің қауымдастықтарында аккредитациядан өткен әлемдік деңгейдегі озық мектептердің бірі.
А. Аганбегянның айтуынша, мектеп Швейцариялық бизнес мектебімен, Парижде орналасқан Еуропалық халықаралық бизнес институтымен, оның Люксембургтегі, Брюссельдегі, Женевадағы филиалдарымен әріптестік орнатқан. Сондықтан DBA бағдарламасынан өткен әрбір оқушы аталған оқу орындарының батыстық дипломдарына ие бола алады.
«2 жылдық МВА бағдарламасы орта деңгейдегі басқарушы кадрларды даярлауға арналған. Ол 22 негізгі курстан тұрады. Соңғы онжылдықта бизнес саласында Іскерлік әкімшілік басқару докторы (DBA) дәрежесі өте жоғары кәсіби беделдің көрінісіне айналды. Үш жылдық бұл бағдарлама - топ-менеджерлерге арналған. Егер МВА бағдарламасындаа тәжірибелік өтілі 5 жылға дейінгі, орта есеппен 30 жас шамасындағылар оқытылса, DBA-да 40-тан асқан, бизнесі бар немесе үлкен лауазымды, орныққан адамдар білім алады», -дейді А. Аганбегян.
DBA және МВА бағдарламалары Қазақстанда бұдан бірнеше жылдар бұрын Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес академиясында ашылған болатын. Қазіргі уақытта одан 60-қа тарта түлек түлеп шықты.
Оның айтуынша, негізі осыдан оншақты жыл бұрын батыста қаланған бұл бағдарламаның докторы атану өте қиын болғандықтан, оны жылына бар-жоғы 200-ге жуық адам бітіріп шықса, ал халықаралық МВА (Іскерлік әкімшілік басқару магистрлігі) бағдарламасын жылына 250 мың түлек бітіріп шығады екен.