Астанада ІТ-компаниялардың ІІ-съезі өтуде

Жиынның басты мақсаты - еліміздегі ІТ саласының дамуын талқылау және осы бағыттағы бизнесті ынталандыру мен мемлекеттік қолдау көрсетудің жолдарын талқылау, сондай-ақ ортақ мәселелерді шешу үшін ІТ бизнес өкілдерінің жігерін біріктіру болып табылады.
Бұған дейінгі бірінші съезд 2008 жылы өтіп, онда дәл осы саланы дамыту мәселелері талқыланған болатын. Жиынға қатысып сөз сөйлеген Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев басқосудың маңыздылығына тоқтала келе, бұндай шара мемлекет пен бизнес үшін пікір алмасу алаңына айналатынын атап өтті. «Бүгін ақпараттық коммуникациялар секторы еліміздің ауқымды дамып жатқан салаларының біріне айналып отыр. Бұл бәрімізге белгілі. Сонымен бірге, еліміздің ақпараттық технологиялар секторы ұлттық экономикамыздың екпінді дамуын одан әрі үдете түсуі тиіс. Осы мақсатта Үкімет ақпараттық қоғамға және инновациялық экономикаға көшуде, сонымен қатар бәсекеге қабілетті экспортқа негізделген ақпараттық коммуникациялық технологиялардың ұлттық секторын құруда», деп атап өтті өз сөзінде министр.
Съезд жұмысы барысында ақпараттық технологиялар өнімдеріне сұранысты жоспарлау, осы нарық құрылымында және жобалардағы қазақстандық қамтуды арттыру, ІТ-бизнестің тиімді жұмыс жасауына ұйымдастырушы-құқықтық ортаны құру секілді маңызды мәселелер талқыланатын болады. Басқосуға отандық 300-ден астам ІТ-компаниялардың, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар мен қоғамдық және шетелдік ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары қатысуда.
Сондай-ақ, бүгін съезд жұмысының соңына таман шараны қорытындылауға Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтың қатысатыны күтілуде.