Астанада іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында өтіп жатқан «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өзінің нәтижесін беруде.  Аталған шараның алғашқы күнінде көптен бері іздеуде жүрген үш қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.

Астанада іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды

Астана қаласы ІІД баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, құқықтық шараға мыңнан аса полиция қызметкерлері, ҚР Ұлттық гвардия әскерлері мен басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері жұмылдырылды.

Қоғамдық тәртіп бұзушылықтарын болдырмау және қылмыстың алдын алу мақсаттарында  қала көшелері мен көппәтерлі тұрғын үй аулаларында және саяжай аумағында полицияның қадағалауы күшейтілді.

ЖПШ аясында Елордалық полиция қызметкерлері  азаматтардың көші-қон заңнама талаптарын бұзу фактілерін анықтау, полиция қызметінде есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тексеру жұмыстарын атқаруда.

Айталық, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасының алғашқы күнінің өзінде көптен бері іздеуде жүрген 3 қылмыскер ұсталды, 980-нен аса әкімшілік құқық бұзушылық жағдайлары анықталды. Олардың арасында қоғамдық орындарда ішімдік ішу, көлік жылдамдығын асыру, көлікте қауіпсіздік белдігін тақпау сияқты фактілер бар.

Сондай-ақ, жүргізіліп жатқан шара кезінде тұратын жері анықталмаған 57 азамат  уақытша бейімдеу орталығына жеткізілді, 23 шетел азаматының Қазақстанға келудің бекітілген ережелерін бұзғаны анықталды. 75 азаматтық қару иесі сәйкес тексерістен өтті.