Астанада К.Байсейітованың туғанына 100 толуына арналған мерейтойлық шаралар өтуде

Көрмеге К.Байсейітованың артында қалған мол мұрасы, соның ішінде Ұлттық мұрағатта сақталған, Алматыдағы орталық мұрағаттан және әншінің жеке мұрағатынан алынған дүниелер қойылды.
Шараға өнерсүйер қауым мен әншінің өнерін құрметтейтін қазақ жұрты көп жиналды. Кеш «Қазақтың бұлбұлы» атанған әйгілі әншінің өмірбаянынан сыр шертетін бейнефильмнің көрсетілімінен басталды.
ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Қырықбаевтың айтуынша, биыл ел бойынша К.Байсейітованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін өткізу жоспарлануда.
«Қазақ кәсіби музыка өнерінің тарихында дәл осы Күляш апамыздың тұлғасындай өзінің дауысымен ерекшеленіп, халықтың жадында өшпестей болып қалған тұлға кемде кем. Мәселе тойлауда емес, мәселе - өскелең ұрпақтың жадында әншінің есімін қалдыру, осы кісінің аруағына бас ию, артында қалған ұрпақтары - біздер, өзінің жез таңдай әншілігімен, қайталанбас өнерімен халқының атын әлемге паш еткен, қазақ өнерінде бертінге дейін таңсық болып келген опера өнерінің бар екендігін дәлелдей білген апамыздың сол кездегі жасаған еңбегінің сәл де болса, кішкентай ғана қайтарымы болсын деген ниетте», - дейді вице-министр.
Күләш Байсейітова шырқаған «Гәкку», «Мадам Баттерфляй» операсындағы Чио-Чио-Cанның монологы, «Бұлбұл», «Абай» операсындағы Ажардың әні, «Қыз Жібек» операсындағы Жібек ариясы, «Ер Тарғын» операсындағы Ақжүністің әні, «Біржан-Сара» опералық айтысындағы Сара әндері қазақ даласының әншілік өнерін әлемдік деңгейге көтерді.
«Ол қазақ операсының негізін қалаған бірегей тұлға. Ол әлемге әйгілі Станиславский, Нежданов, Немирович-Данченколармен бірге 1939 жылы КСРО-ның халық әртісі атағын алды. Олардың артында тұтас Еуропа, Париж тұрды, ал Күләштің артында - қазақ даласы. Бұл халқымыздың табиғи дауысы еді», - дейді ҚР Ұлттық мұрағаттың директоры Марат Әбсеметов
Күләш Байсейітова қысқа да болса жарқын өмірімен, күміс көмей, жез таңдай әншілігімен қазақты көпшілікке танытты. Өзінің қайталанбас дарынымен қазақ операсын аз уақыт ішінде әлемдік деңгейге көтерді. Әсем даусымен елдің даңқын, халқының мерейін арттырды. Озық мәдениетімізді халықаралық өнер туындыларымен байытты. Қазақ қыздарының ішінен шыққан тұңғыш опера әншісі Мәскеу сахналарында ән салып, Кеңес одағында талғампаз көрермен қошеметіне бөленді. Аққу ғұмыр, жезтаңдай әнші өмірден озса да, ол сомдаған жарқын бейнелер сыңғыр үнімен сүйген халқының жүрегінде сақталып келеді. Ол сомдаған қазақ аруларының қайталанбас бейнелері халықтың мәңгілік есінде қала бермек.