Астанада Қ.Қасымовтың қатысуымен қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан ІІМ қызметкерлеріне монумент ашылды
АСТАНА. 21 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін елордада Қазақстан полициясы күні қарсаңында қызметтік борышын өтеу барысында қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлері мен ішкі әскерлер әскери қызметшілеріне арналған монументтің ашылу рәсімі өтті.
«Еліміздің тәуелсіздік жылдарында қызметтік міндетін орындау кезінде 703 полицей мен ҚР ІІМ ішкі әскерінің 21 әскери қызметшісі қаза тапты. Отанымыз құқық қорғаушылардың борыштарын өтеуін өте жоғары бағалады. Аталған жылдар ішінде ішкі істер органдарының 877 қызметкері мен ішкі әскердің әскери қызметшілері еліміздің мемлекеттік наградарымен марапатталды. Өкінішке орай, олардың 90-ына наградалар қаза тапқаннан кейін берілді», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.
Монументтің ашылу салтанаты барысында министр Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарының үздік түлектеріне шендер табыс етті.
«Біздің оқу орындарымыздың үздіктеріне осы монумент алдында шен тапсыру жыл сайынғы дәстүрге айналады», - деп атап өтті министр.