Астанада қала күніне орай жастарға арналған «Qala Fest» фестивалі өтеді
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы «Жетісу» саябағында 4 шілде күні қалалық «Qala Fest» фестивалі өтеді. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл – заманауи мәдениетті, экологиялық бастамаларды және кітап оқуға деген сүйіспеншілікті біріктіретін ашық алаң.
Фестиваль Елорда күніне орайластырылған. Оның бағдарламасы екі негізгі блоктан тұрады.
Сағат 16:00-ден 19:00-ге дейін кітап ауыстыру жәрмеңкесі өтеді, онда әрбір келуші өз кітаптарын әкеліп, басқа қатысушылармен ауыстыра алады. Сондай-ақ «Экоалмасу» атты экоаймақ жұмыс істейді, мұнда пластик бөтелкелерді тапсыру арқылы қатысушылар пайдалы экологиялық сыйлықтар ала алады.
Сағат 19:00-де қазақстандық танымал орындаушылардың қатысуымен концерттік бағдарлама басталады. Жанды музыка, мерекелік сахна және бірлік атмосферасы қала тұрғындарына ерекше әсер сыйлайды.
Айта кетелік Астананың оң жағалауындағы негізгі көшелердің бірі жабылатыны туралы жазған едік.