Астанада қалай волонтер атануға болады

Еордада 50 жастан асқан белсенді тұрғындардан құралған еріктілер қозғалысы бар. Бұл туралы Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бағдат Атымтай айтты, деп хабарлайды Kazinform.

Ерікті
Фото: ҚазАқпарат

«Астана қаласы халқының саны 1,3 млн адамнан асты, оның ішінде 14-35 жас аралығындағы жастар саны 440 мың адамды құрады. „Астана жастары“ ресурстық орталығының базасында Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істеп жатыр. Онда 40 белсенді волонтерлік және қайырымдылық ұйымдарымен серіктестік орнатылған. Штабта 5000 астам белсенді волонтер тіркелген», - деді Б. Атымтай Астана қаласының коммуникациялар қызметінде Халықаралық волонтёр күні қарсаңында өткен брифингіде.

Оның айтуынша, волонтерлік ұйымдармен бірге «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекен-жайы», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem» және басқа да жобалар аясында 780 акция іске асырылды. «Қамқорлық мекен-жайы» жобасы аясында «Астана жастары» волонтерлері 30 жалғызбасты зейнеткердің үйіне барып, көмектескен. Сонымен қатар, кәсіпорындар мен волонтерлік ұйымдар қар тазалау бойынша 50 акция өткізді. Барлығы 2000 адам қамтылды. Жоба аясында қосымша азық-түлік себеттері үнемі жеткізіліп тұрады. Атап айтқанда, «Таза әлем» жобасы аясында 40 экологиялық сенбілік ұйымдастырылды.

«Сонымен қатар, волонтерлер қалалық және халықаралық іс-шараларға белсенді қатысып келеді. Еріктілер халықаралық және республикалық деңгейдегі 140 іс-шараға қатысты. Қалада 50 волонтерлік ұйым мен қозғалыс тұрақты негізде жұмыс істеп жатыр, оның 17-сі мүмкіндігі шектеулі балалар мен жастарды тәрбиелеп отырған отбасыларға көмектесіп келеді. Олар ата-аналарға тренингтер өткізіп, қажет киім-кешек пен тұрмыстық заттарды таратады, балалар мен ата-аналарды іс-шараларға шақырады. Жыл сайын қорлар „Мектепке жол“ акциясын өткізіп, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған іс-шаралар ұйымдастырады», - деді басқарма өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, елордада 50 жастан асқан белсенді азаматтар қозғалысы бар. Олардың қатарында 60-тан астам ерікті қызметіп жүр.

«Волентер ретінде тіркелу үшін біздің кеңсеге келіп (Сарыарқа 13, 518-кабинет), қосымша ақпарат алуға болады. Сонымен қатар, astana_zhastary_volunters Инстаграм парақшасына жазылып, бақылау мүмкіндігі бар», - деді Бағдат Атымтай.

Соңғы жаңалықтар