Астанада кәмелетке толмаған баладан ақша бопсалағандар 10 жылға сотталды

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада кәмелетке толмаған баладан ақша бопсалаған қылмыстық топтың төрт мүшесі сот үкімімен 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ақша айырбастау орындарында доллар қанша теңгеден саудаланып жатыр
Фото: Kazinform

Тергеу мәліметінше, сотталғандар жәбірленушінің шетелге оқуға баратынын және оның ата-анасының едәуір қаржысы бар екенін біліп, өзара келісіп, жасөспірімнен 20 миллион теңге талап еткен.

Қылмыстық топ мүшелері жәбірленушіге психологиялық қысым көрсетіп, атыс қаруын көрсеткен. Соның нәтижесінде олар 4 миллион теңге көлемінде ақша алған.

Кейін топтың екі мүшесі жәбірленушіден тағы 100 мың теңге алмақ болған сәтінде қолға түсті. Жедел іздестіру шаралары барысында қалған екі күдікті де ұсталды.

— Сот барысында мемлекеттік айыптаушының дәлелдері толық көлемде расталып, сотталғандардың кінәсі дәлелденді. Оларға Қылмыстық кодекстің 194-бабы бойынша (қорқытып алу) айып тағылды. Сот үкімімен әрқайсысы 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын толық өтелді. Сондай-ақ моральдық залал ретінде 2 миллион теңге өндірілді, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, ҚР Қылмыстық кодексіне сәйкес қорқытып алу әрекеті үшін 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Бұл қылмыс үшін кейбір жағдайда 14 жастан бастап қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.

Егер мұндай әрекетті көрсетілген жасқа толмаған адам жасаса, заңға сәйкес оның ата-анасы немесе заңды өкілдері жауап береді.

Еске салайық, бұған дейін елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтілді. Қазір елде есірткіге тәуелді 18 мың адам диспансерлік тіркеуде тұр. Оның 66 пайызы — кәмелетке толмаған жастар.

Соңғы жаңалықтар