Астанада қазақ-қытай жобалары жүзеге асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM - Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қытайлық серіктестермен бірнеше стратегиялық келісімге қол қойылғанын баяндады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.

Олардың қатарында осы күзде LRT-ны сынақ режимінде іске қосу, құны $150 млн болатын логистикалық парк құрылысы, Huawei компаниясының 10G желісін енгізу және құны $1,3 млрд-ты құрайтын су құбырының құрылысы бар.
- LRT құрылыс жобасы бойынша пайдалануға беру, күтіп ұстау жөніндегі меморандумға қол қойылды. Біз нысанды осы күзде, яғни, қыркүйек айында сынақ режимінде іске қосуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда аталған сала бойынша 150-ге жуық Қазақстан азаматы Қытайда кәсіби білімін жетілдіріп, тағылымдамадан өтіп жатыр. Меморандум қытайлық серіктестермен бірлесіп, жеңіл рельсті көлік жүйесін пайдалануды көздейді», - деді әкім.
Сондай-ақ $60 млн-ға Soho Holding қонақүй кешенін және Shenzhen Energy $230 млн-ға қоқыс өртеу зауытын салу бойынша құжаттарға қол қойылды.
Айта кетейік, кеше Президент Астанадағы «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру жұмыстарымен танысты.