Астанада Қаныш Сәтбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған конференция басталды

АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгін Еуразия ұлттық университетінде ҚҒА-сының тұңғыш президенті, отандық металлогения мектебінің негізін қалаушы, белгілі қоғам қайраткері, академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Қаныш Сәтбаев: ғылым мен мәдениеттің үйлесімділігі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция басталды,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ғылыми мәжіліске Мұрат Жұрынов, Жабайхан Әбділдин, Мұхтарбай Өтелбаев, Кәкімбек Салықов, Рымғали Нұрғали, Мырзатай Серғалиев, Ақселеу Сейдімбек, Дихан Қамзабекұлы және тағы басқа ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысуда. Конференцияда Қаныш Сәтбаевтың отандық ғылымды дамытудағы орны, оның еңбектеріндегі ұлт тарихы мен фольклорының байыпталуы, Алаш қозғалысындағы рөлі және қазақ алгебрасын қалыптастыру жолындағы еңбегі талқылануда. «Қаныш Имантайұлы ? қазақ ғылымы мен мәдениетіне, білімі мен руханиятына, ұлттың қоғамдық-әлеуметтік өміріне ерен еңбек сіңірген тұлға. Ол еліміздегі көптеген кен орындардың ашылуына себеп болған. Ғалымның зерттеу еңбектерінің негізінде Жезқазғанда ірі мыс кені ашылды. Қарағанды металлургиялық зауыты, Алтай темір және марганец, Қаратаудағы фосфорит кендері анықталып, Ертіс ? Қарағанды каналы қазылды. Қаныш Сәтбаевтың мәдениет және әдебиет саласында да қалдырған мол мұрасы бар. Оның ішінде қазақ орфографиясына негізделген «Едіге» жыры, ғалымның «Жезқазған ауданындағы көне заман ескерткіштері» еңбегі, «Алгебра» оқулығы және тағы басқа тарих-мәдениет саласындағы зерттеу жұмыстары бар. Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов бір еңбегінде: «Қаныштың бір ерекшелігі ? ол химикпен де, биологпен де, физикпен де, медикпен де, тарихшы және тілші-әдебиетшімен де өздерінің ғылыми тілінде сөйлесе білген», - деп жазады. Академик Қаныш Сәтбаев тұлғасының әрі асқақ, әрі жұмбақ болатыны осы себептен болса керек», - деді өз баяндамасында Еуразия ұлттық университетінің ректоры, профессор Бақытжан Әбдірайымов.
Соңғы жаңалықтар