Астанада қарды дұрыс тазаламаған компаниялар мен сауда желілеріне айыппұл салынады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күн сайын Астана жергілікті полиция бөлімшелерінің қызметкерлері қаланы санитарлық тазалау бойынша рейд өткізуде, деп хабарлады Астана қаласы ІІД баспасөз қызметінен.
Бұзушылардың арасында - бекітілген учаскелерді жинауды уақтылы қолға алмаған мердігерлік компаниялар, дүкендер, дәмханалар, сауда нүктелері, басқарушы компаниялар бар.
Жыл басынан бастап ауласын уақтылы тазаламаған ұйымдарға полицейлер сомасы 1,5 млн теңгеден астам көлемде 40-тан астам әкімшілік өндіріс қозғады.
Жеке тұлғаларға қатысты да осындай жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бастап абаттандыру қағидасын бұзғаны үшін жеке сектордан 42 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салсақ, абаттандыру саласындағы нормалар мен қағидаларды бұзғаны үшін «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 505-бабы бойынша ескерту немесе айыппұл (жеке тұлғаларға 20 АЕК көлемінде, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 30-дан 100 АЕК) түрінде әкімшілік жауапкершілік көзделді.