Астанада қарттарды алдаған алаяқ ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада полиция қызметкерлері балалары шетелде тұрып жатқан егде жастағы тұрғындарды алдап жүрген алаяқты қолға түсірді, деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, ұсталған Қарағанды облысының тұрғыны өзіне қолай көрген адамдарды алдын ала анықтаған. Елорданың тыныш аудандарында тұратын азаматтардың сеніміне кіріп, балалары шетелде екенін, мекен жайларын біліп алған.
Осылайша, ер адам 73 жастағы кейуананың есігін қағып, Еуропада тұрып жатқан баласынан мерекелік сәлем-сауқат пен ақша әкелгенін айтқан. Оны естіген қарт әйел бейтаныс адамға есігін ашады. Әкелген заттары көліктің ішінде екенін айтқан алаяқ 100 доллар ақшадан 43 мың теңге қайтарылуы тиіс екенін жеткізген. Алданғанын сезбеген қарт сұраған ақшасын береді.
Полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Ол уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Елорданың полиция департаменті тұрғындарға қырағы болуды, бейтаныс адамдарға сенбеуді ескертеді. Алаяқтардың құрбандары көбіне егде жастағы адамдар. Олардың қылмыстық әрекеттерінен зардап шеккендер бұдан да көп болуы мүмкін. Сондықтан Астана полициясы осындай жағдайға түскен азаматтарды төмендегі телефон нөмірлері бойынша хабарласуын сұрайды: 8(7172) 71-67-90, 8-776-158-29-58 немесе 102.