Астанада Қаржаубай Сартқожаұлының үш бірдей кітабы көпшілік оқырманға жол тартты

АСТАНА. KAZINFORM – Елорданың зиялы қауымы көрнекті түрколог, ғылым докторы, Орхон ескерткіштерінің толық атласының авторы Қаржаубай Сартқожалұлының өмірден өткеніне 1 жол толуына орай еске алу шарасын өткізіп, ас берді. 

Астанада Қаржаубай Сартқожаұлының үш бірдей кітабы көпшілік оқырманға жол тартты
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Түркология орталығына ғалымның аты беріледі

Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен еске алу жиынында ғалымның үш бірдей кітабының тұсаукесері өтті. Бірінші кітаптың атауы – «Қош бол, апа». Бұл еңбек ғалымның отбасы, ана тәрбиесі туралы естелігіне құрылған. 

Екінші еңбек – «Тастан тамыр іздеген ғұлама» жинағы. Мұнда әлем ғалымдары мен қазақстандық зерттеушілердің, түркологпен етене араласқан қаламгерлердің Қаржаубай Сартқожаұлы жайындағы естеліктері мен лебіздері, түрік дүниесіне сіңірген еңбегі туралы пайымдары топтастырылған. 

Үшінші кітап – «Подземный мавзолей древнетюркской эпохи Шороон Бумбагар (Майхан Уул) в Центральной Монголии» атты ғылыми монография. Қаржаубай Сартқожаұлы жетекшілік еткен халықаралық археологиялық экспедициялардың ғылыми жиынтығы ретінде жарық көрген іргелі еңбек Моңғолия даласында ашылған түрік дәуірінің жерасты мавзолейі туралы тың деректерді ғылыми айналымға шығарған.

Қаржаубай
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform
кітап
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Тұсаукесерге жиналған ғалымдар кезек-кезек сөз алып, саналы ғұмырын ғылым жолына сарп еткен жанкешті ғалым туралы тың естеліктер айтып, өзекті ұсыныстар көтерді.

кітап
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ғылым ордасындағы Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығына Қаржаубай Сартқожаұлының аты берілетінін айтты.

кітап
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

«Күлтегін алаңын армандап кетті»

Елтаңба авторы, ғылым докторы Жандарбек Мәлібеков Күлтегіннің көк түркі рухын қазақ жеріне, қазақ ортасына әкелген бірден-бір Қаржаубай Сартқожа деп білетінін ашып айтты.

– Ол Күлтегінді (Моңғолия жерінде Күлтегін-Тоныкөк ескерткішінің көшірмесі – ред.) қазақ жеріне әкелу арқылы қазақ тарихының көкжиегін кеңейтті, мәртебесін көтерді. Біздің тарихымыздың Керей мен Жәнібек дәуірінен әлдеқайда тереңде жатқанын Қаржекең дәлелдеп кетті. Кейін Күлтегіннің айналасында музей ашылды. Жалғыз осы еңбегінің ғана тәрбиелік мәнін сөзбен айтып жеткізу қиын. Кейін ол Астана қаласынан Күлтегін алаңын ашу үшін әкімдіктен жер алды. Екеуіміз алаңның сызбасын жасағанбыз. Сол арманы орындалып, Күлтегін алаңы пайда болса, Қаржекеңнің еңбегінің ақталғаны болар еді, - деді профессор.

Елтаңба авторы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Филология ғылымының докторы, академик Серік Негимов бүкіл өмірін қазақ тарихының мұрасын түгендейтін тарихи ескерткіштерді зерттеуге арнаған ғалымның алып мүсінін Астана мен Бурабайдың арасындағы жолдың бойына орнату керек деген ұсыныс айтты.

академик
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Алаштанушы академик, «Қазақ газеттері» қауымдастығының бас директоры Диқан Қамзабекұлы Қаржаубай Сартқожаұлының ғылымға қосқан үлесі үшін ең үлкен марапатты халықтан алды деген ой айтты.

– Қаржекең кейде ренжіп маған мұңын шағатын. Қашан менің еңбегімнің қадіріне жетесіңдер деген сияқты ренішін айтатын. Жалпы ол кісімен көп қалжыңдасатынмын. Тіпті өмірден өткеннен кейін де кейде іштей сырласып, әзілдесетінім бар. Қаржеке, талай атақ алғандардан сіз озып кеттіңіз. Солардың көбі атақты ертең көз жұмған соң Ұлттық пантеонға жатамыз деп алушы еді. Сіз ондай атақтарсыз-ақ, пантеонға төтесінен бардыңыз» деп іштей әзілдеймін, - деген естелік айтты.

Диқан Қамзабекұлы
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Мәжіліс депутаты, заңгер ғалым Үнзила Шапақ Қаржаубай Сартқожаұлының артында өте бай әрі сирек кездесетін кітапхана қалғанын, соны ғылыми ортаға ортақ мұра ету үшін өзінің аты берілетін Түркология және алтайтану орталығының бір шетінен жеке кітапханасын ашып, бүкіл қорды цифрландыру керектігін айтты.

Үнзила Шапақ
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Тұсаукесер рәсімінен кейін де зиялы қауым өкілдері ғалымның өнегеге толы өмірі туралы естеліктер айтып, лебіздер арнады. Еске алу шарасынан кейін ғалымның жылдық асы берілді. 

Қаржаубай
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Өмірбаяны

Марқұм Қаржаубай Сартқожаұлы 1947 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей өлкесінде дүниеге келген.

1973 жылы Моңғолия мемлекеттік университетін бітірді. 

1985–1988 жылдары Ленинградтағы Шығыстану институтының аспирантурасында оқыды.

1975–1989 жж. Моңғолия ҒА Тарих институтының аға ғылыми қызметкері, 1989–1995 жж. Түркі-Қазақ ғылыми орталығының аға ғылыми қызметкері, директоры, 1995–

1998 жж. Моңғолия ҒА Түркі-Қазақ ғылыми орталығының директоры, 2001 жылдан Еуразия Ұлттық университетінің Эпиграфика және этнография лабораториясының меңгерушісі, кейін Түркология және алтайтану ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқарды.

Айта кетейік, Қаржаубай Сартқожаұлы археологиялық деректер арқылы қазақтың күй өнері 2 мың жыл бұрын жанр ретінде қалыптасып қойғанын дәлелдеп кеткен.

Соңғы жаңалықтар