Астанада қасақана кісі өлтірді деген күдікпен колледж студенттері ұсталды – ІІД

Бұл туралы бүгін баспасөз мәслихатында Астана қалалық ІІД Тергеу басқармасы бастығының орынбасары Болатбек Әміржанов мәлім етті.
Оның айтуынша, 17-19 жастағы төрт студент осындай қанды қылмысқа көлікті бөлшектеп, кейін сату мақсатында барған. Қылмыскерлер салтанатты той іс-шараларына қызмет көрсетуші жас жігітті газет бетіндегі хабарландыру арқылы тауып алған. Оған телефон шалып, кездесу белгілейді. Кейін оны қаланың шетіне алдап апарып, сол жерде пышақтап өлтіріп, көлігін айдап әкеткен. Алдын-ала жоспар бойынша, қылмыскерлер көлікті «Дружба» қоғамында орналасқан гараждардың арасына тығып кетеді. Бірақ аталған гараждар қоғамының күзетшісі қырағылық танытып, мемлекеттік номер белгілерінсіз «Мерседес» автокөлігі тұрғандығы жөнінде полицияға хабарлайды.
«Жедел тергеу тобымен көлікті тексеру кезінде ішінен қан іздері табылып, тергеу амалдары жүргізіледі. Дәл сол күні сағат 14.40 шамасында Дулатов көшесінде орналасқан орман алқабынан көптеген жарақаттармен автокөлік иесінің жансыз денесі табылады. Дереу арада жедел топ құрылады. 3 апта бойы жүргізілген жедел-іздестіру амалдарының нәтижесінде Астана қаласы ІІД-нің қызметкерлерімен Астана қаласының 17-19 жастағы төрт студенті анықталып, қылмыс жасады деген күдікпен тергеуге алынады», - дейді Б. Әміржанов.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұсталған күдіктілер жасаған қылмыстарын толық мойындады. Қайтыс болған жігіттің үйінде оның зайыбы мен 5 айлық баласы қалды.