Астанада боран салдарынан тұрғын үйдің қасбеті құлап түсті
АСТАНА. KAZINFORM — 11 наурыз күні шамамен сағат 17:00–де қатты дауыл салдарынан «Айка» тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі жылуоқшаулағыш қабаттың бір бөлігі ажырап түсті, деп хабарлайды Астана қаласы Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Әлеуметтік желіде тараған видеода тұрғын үйдің қасбеті боран салдарынан бірінен кейі бірі жұлынып, құлап жатқаны байқалады. Басқарма мәліметінше, аталған үй 2015 жылы ғана пайдалануға берілген.
— Оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешенінің басқарушы компаниясы қалпына келтіру жұмыстарының құнын есептеп жатыр. Сондай-ақ қасбетті жөндеу үшін өнеркәсіптік альпинист жалдау мәселесі қарастырылады, — делінген ведомство хабарламасында.
Мамандардың сөзінше, Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 34-бабына сәйкес, пәтер иелері кондоминиумға тиесілі ортақ мүлікті күтіп-ұстау шығындарын көтеруге міндетті.
— Заңның 2-бабының 2-тармағына сәйкес ортақ мүлікке ғимараттың қасбеттері, кіреберістер, вестибюльдер, холлдар, дәліздер, баспалдақ алаңдары мен марштары, лифтілер, шатырлар, кіреберіс топтарының қалқалары (козырек), шатыр асты бөлмелері, техникалық қабаттар, жертөлелер, сондай-ақ үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар жатады, — деп атап өтті басқармадағылар.
Еске салсақ, былтыр қараша айында Астананың Алматы ауданында, Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштен жасалған сыртқы қаптама мен кондиционер қондырғысы құлап, бес адам зардап шеккенін жазған болатынбыз.
Сол оқиға кезінде қасбеттің кірпіш қаптамасы құлап, жарақат алған фельдшер көз жұмды.