Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы Иран деректерінде» атты көрме ашылды. Көрмеге алғаш рет Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің архивтерінен табылған 27 ежелгі парсы қолжазбасының көшірмелері қойылған.  Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлім етті.

Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Экспонаттар XVIII-XIX ғасырларда Қазақстан территориясында болған әлеуметтік-саяси және экономикалық процестер туралы бағалы мәліметтерді қамтиды. Көрменің ашылуына дейін оны Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан тамашалады.

Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Құжаттар Қазақстанға Иран Президентінің Астанаға ресми сапары аясында берілді. Экспозицияны қарап шыққан соң Қасым-Жомарт Тоқаев ирандық әріптесіне тарихи материалдарды ұсынғаны үшін алғыс айтып, олардың отандық ғылым мен қоғам үшін маңыздылығын ерекше атап өтті.

Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі
– Бұл – өте құнды сыйлық. Біз міндетті түрде қазақ қауымына бұл көрмені көрсетеміз, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен дәріптейміз. Бұрын білмеген тарихи деректер бар екен. Қазақ халқына пайдалы болады деп ойлаймын, – деді Мемлекет басшысы.

Қолжазбаларда Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Тәуке мен Әбілқайыр хандардың иран шахтарымен дипломатиялық байланыстары, Түркістандағы саяси ахуал, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы көмір, темір, мыс, қорғасын және бирюза кеніштерінің табылып, оларды өндіру мәселесі сипатталған. Архивтік материалдар Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстардың тығыз болғанын айқын көрсетеді.

Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Екі ел аумағынан Ұлы Жібек жолы өткен, бұл сауда, мәдениет және рухани байланыстардың дамуына ықпал еткен. Иран архивтерінде Қазақ хандығы, елшілердің сапары мен мемлекетаралық келіссөздер туралы жазбалар сақталған.

Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Иран мәдени ықпалы Қазақстанның мәдени мұрасында да көрініс тапқан. Мәселен, Әзірет Сұлтан кесенесіндегі Тайқазанды Иран шебері Әбделазиз Шарафуддин Тебризи жасаған. Қазақ тілінде парсы сөздері көп. Ғалымдар тілдік қорымыздағы парсы сөздерінің үлесі шамамен 4% деп санайды. Соның ішінде «астана», «пайда», «көрпе», «дәрі», «дәрумен», «аула», «ораза» сияқты сөздер бар.

Көрмеде жалпы жұртшылық Қазақстан мен Иранның ортақ тарихындағы маңызды түпнұсқа деректермен, бірегей архивтік материалдармен таныса алады.

Бұған дейін Ерлан Қарин қазақ хандығына арналған төртінші томның қолжазбасы қайта қаралғанын айтқан еді.

Соңғы жаңалықтар