Астанада қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирі басталды

АСТАНА. KAZINFORM - Елордада бүгін, 11 қаңтар күні қазақ күресінен «Дала қырандары» турнирі басталды.

Қазақ күресі Казакша курес спорт
Фото: Мұхтар Холдорбеков/ Kazinform

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында жалауын көтеретін турнирде 8 салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынады.

Еліміздің басты рейтингтік жарыстарында ең жоғары ұпай жинап іріктелген 64 балуан 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, 100 келіден жоғары салмақта боз кілемге шығады. Олар өз салмақ дәрежесі бойынша «Дала қыраны» титулын сарапқа салып, бас балуан атанады.

Былтыр Қазақстанда қазақ күресі бойынша 5 рейтингілік жарыс өтті. Бұл жарыстардың нәтижесінде әр салмақ дәрежесінде ең көп ұпай жинаған үздік 8 балуан анықталды.

Оған қазақстандық белгілі балуандар қатысады. Олардың қатарында әлем чемпионаты және өзге де халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанған Бекжан Төлепов, Жұмажан Қожамбеков, Ерсұлтан Мұзаппаров, Алтынбек Аусағитов, Нұрдәулет Жарылғапов және Ерасыл Қажыбаев бар.

Осыған дейін 2025 жылдың 11 қаңтарында елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұлттық брендіміз – қазақ күресінен «Дала қырандары» республикалық турнирі өтетінін хабарлағанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар