Астанада қазақ-өзбек зиялы қауымының алғашқы форумы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін елордада қазақ-өзбек зиялылары бас қосты.

Алғаш ұйымдастырылған форумға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев және Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаева бастаған қазақ-өзбек ғылыми-шығармашылық зиялы өкілдері қатысып жатыр.

— Құрметті Танзила Нарбаева, қадірлі форумға қатысушылар, қонақтар өздеріңізбен Астанада бас қосқанымызға қуаныштымыз. Қонақжай қазақ еліне қош келдіңіздер! Бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның ғылыми-шығармашылық зиялы қауымы жиналып отыр. Қазақ-өзбек зиялыларының форумы бауырлас халықтардың рухани ынтымақтастығына жаңа жол ашады. Форумның Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваның Қазақстанға ресми сапары аясында өтуі іс-шараның маңызын одан әрі арттыра түседі, — деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев форумның ашылу салтанатында.

Сенат спикерінің айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан қарым-қатынасының ауқымы кең.
— Біз тек тату көрші ғана емеспіз, екіжақты қарым-қатынас шынайы достық пен бауырластыққа негізделген. Салт-дәстүр, руханият түбірі бір ортақ мәдени мұра. Қазақ халқы өзбек халқына үнемі ілтипат танытып, бауыр ретінде құрмет тұтады. Қуанышта да, қиын-қыстау кезде де бір-бірімізге көмек қолын созып, бауырластық танытып келеміз. Біздің қазіргі шекара болмаған кезде, ертеде ұлы Жібек жолы жалғап жатты. Осындай тарихи сабақтастық ынтымақтастығымызды нығайтып, қарым-қатынасқа жаңа серпін беріп жатыр, — дейді төраға.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы Танзила Нарбаеваны қабылдады.
Мемлекет басшысы қос халық арасындағы достық, тату көршілік байланыстарды нығайтуға Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенаты төрағасының қосқан үлесін жоғары бағалады.