Астанада қазақ тілді БАҚ-тың форумын өткізу жоспарланып отыр
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менде мынадай ұсыныс бар: егер үлгеріп жатсақ және қаржы мәселесі шешімін тапса, осы жылдың соңына қарай немесе келесі жылдың басында қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының форумын өткізу қажет. Оған қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары, орталықтардағы және аймақтардағы танымал журналистерді және т.б. шақыру қажет», деді дөңгелек үстелде Б. Әбдіғали. Оның сөзіне қарағанда, форумда қазіргі таңда қазақ тілді БАҚ-тың алдында шешімін таппай жатқан өзекті проблемаларды талқылап, солар бойынша ортақ ұсынымдар дайындау керек. Сонымен қатар, Б. Әбдіғали қазақ журналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар мықты-мықты мамандар ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруы үшін жеке шеберлік мектептерін ашып, жас тілшілерді тәрбиелеуге, бағыт-бағдар көрсетуге маңыз берулері қажеттігін атап көрсетті.
Журналистерге берген сұхбатында «Нұр Отан» ХДП-ның хатшысы Ерлан Қарин қазақ тілді БАҚ-тың форумын өткізу баяғыдан бері пісіп жетілген қажеттілік екенін айтты. «Қазақ журнилистикасының өз алдына осындай форумы болуы керек. Бүгінде аймақтарда бұқаралық ақпарат құралдары жақсы дамып келе жатыр. Шетелдерде қазақ тілінде шығып жатқан әртүрлі басылымдар бар. Солардың барлығының басын қосып, өзекті тақырыптарды көтеру керек. Қазақ тілді БАҚ-ты дамытуда қандай кедергілер бар деген мәселенің барлығын кәсіптік деңгейде талқылау қажет. Ол мәселелер журналистердің өз ішінде ғана емес, сонымен қатар сарапшылардың, саясаткерлердің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен талқыланатын болса, ол қазақ тілді БАҚ-тардың қазіргі таңда иеленіп отырған ауқымды рөлін ресми түрде, саяси деңгейде бекітуге жол ашады», деді Е. Қарин.
Дөңгелек үстелге қатысушылар қазақ тілді БАҚ-тың қазіргі уақыттағы ортақ проблемасы туралы ойларын ортаға салып, оны қалай шешу қажеттігі жөнінде жеке көзқарастарымен бөлісті. Мәселен, «Абай.кz» ақпараттық порталының бас редакторы Дәурен Қуат қазақ тілінде шығып жатқан газет-жұрналдардың, әсіресе күнделікті газеттердің шалғайдағы облыс орталықтарына, қалалар мен аудандарға, ауылдарға дер кезінде жеткізу мәселесі әлі күнге толық шешімін таппағанын атап көрсетті. Осы орайда ол «Қазпошта» АҚ-ның жұмысына сын айтты. «Қазпошта» мемлекеттік үлкен компаниялардың бірі болғанымен, көп жағдайда бұл қазақ баспасөзіне монополия жасап отыр. Ол жыл сайын тарифтерін негізсіз көтереді. Газеттер ауылды жерлерге уақытында жетпей жатады. Қазақ баспасөзін уақытында жеткізіп беру міндетін «Қазпошта» өзінен алып тастаған», деді ол. Сонымен қатар, Д. Қуат «АИФ», «Дәуір» «Еуразия-Пресстің» сауда нүктелерінде де қазақ тілді баспасөздің таралымын жақсартуға жіті көңіл бөлінбей отырғандығына қынжылыс білдірді. Телеарналардағы қазақ тілді телехабарлардың үлес салмағының қоғам талап етіп отырғандай деңгейде еместігіне сын айтты.
Жалпы шараға қатысушылар Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қазақ тілді БАҚ-тың төл тілдегі дереккөздерін ұлғайту, қазақ тілді БАҚ-тардағы жарнаманың үлесін арттыру, орталықтағы және аймақтағы тілшілер арасындағы байланысты жақсарту, мемлекеттік органдардың сайттарындағы қазақ тіліндегі бөлігінің жұмысын жақсарту сынды көптеген өзекті мәселелерді талқылады.