Астанада қазақ тіліне аударылған шетелдік авторлардың дәулетке бастайтын кітабы таныстырылады

АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - 10 қазанда Астана қаласындағы Ұлттық баспасөз клубында Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының «Шабыт» жобасының шеңберінде алғаш рет қазақ тіліне аударылған әлемге әйгілі жазушы-тренерлер Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» және Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты кітаптарының тұсаукесері өтеді.
None
None

Бұл туралы «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Жолдауында жастар үшін қызықты 100 заманауи кітаптың тізімін әзірлеп, оларды қазақ тіліне аудару қажеттігін атап өткен болатын.

Осыған орай, Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы жастарды табыстылық жолына бастайтын, әлемдік деңгейдегі кітаптарды қазақ тіліне аудару арқылы жастардың кәсіпкерлікке деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Шабыт» жобасын бастады. Оның алғашқы бастамасы ретінде, бүгін Наполеон Хиллдің «Ойлан және байы» кітабы мен Бодо Шефердің «Қаржылық тәуелсіздікке жол» атты танымал еңбектері түпнұсқадан қазақ тіліне аударылып, басылып шықты.

Бұл кітапта Наполеон Хилл оқырманына жетістік құпиясын ашады және іс-әрекеттер жоспарын ұсынады. Кітаптың басты құндылығы қанша уақыт өтсе де өзінің өзектілігін жоймай, қазіргі қоғамда да табысқа жетуге бастайтын нұсқаушылардың бірегейі болып қалуында жатыр. Кітап жастарға табысқа жету үшін не істеу керектігін ғана емес, оған қалай жетуге болатындығын да үйретеді. Сондықтан да бұл кітап жетістікке жетуге жол іздегендер үшін таптырмас құрал болып табылады

Ал Бодо Шефер өз кітабында қалың оқырманға кәсіп құрудың, қолда барды сақтаудың және табысты еселеп өсірудің құпияларын ашады. Қарапайым ғана әдістерді қолданып қаржылық тәуелсіздікке жетудің жолдарын ұсынады.

Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығы аталған кітапты жоғары оқу орындарына, ауыл кітапханаларына және басқа да жас кәсіпкерлерге тегін таратуды жоспарлап отыр.

Аталған тұсаукесер шарасына Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының және «Атамекен» Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Өңірлік даму министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту комитетінің төрайымы Ғалия Жолдыбаева, Қазақстанның жас кәсіпкерлері қауымдастығының төрағасы Мақсат Қожамбек, сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдар мен бизнес құрылым, жастар ұйымдары өкілдері және жас кәсіпкерлер қатысады.

Соңғы жаңалықтар