20:01, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада «Қазақстан халқы Ассамблеясы ? азаматтық қоғамды топтастырушы институт» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптық кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес, 2009 жылғы мамырдың 13-14-і күндері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан халқы Ассамблеясы –азаматтық қоғамды топтастырушы институт» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Конференция жұмысының алдында Ғылыми-сараптық кеңес мүшелерінің мемлекеттік ұлттық саясат, ұлысаралық төзімділік және конфессияаралық қатынастар саласы бойынша ғылыми еңбектері, монографиялары, зерттеулері мен талдау материалдарының көрмесі өтеді. Шараның жалпы отырысының соңында жоғарыда аталған ғылыми еңбектер болашақта көшпелі көрмелер ұйымдастыру мақсатында ҚР ұлттық академиялық кітапханасы жанынан ашылған Ассамблея депозитариіне тапсырылады. Конференция жұмысына Ыстамбұл университеті Еуразия институтының директоры Хаяти Түбекшіоғлы (Түркия), ММУ жанындағы Ақпараттық талдау орталығының бас директоры Алексей Власов (Ресей), Ингуш мемлекеттік университетінің жанындағы Әлеуметтік зерттеулер институтының директоры Исрапил Сампиев, Австрия Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Урсула Фарингер, Польша Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Павел Чеплак, Ресей Федерациясының Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаил Бочарников, Беларус Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Василий Гапеев, Украина Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Николай Селивон, Литва Елшілігінің кеңесші-өкілі Антанов Пятраускас сияқты халықаралық сарапшылар, сонымен қатар, Астана қаласында орналасқан ЕҚЫҰ өкілдері қатысады. Конференцияға қатысуға шетелдік 10 елшілік өкілдері ниет білдірді. Сонымен қатар, конференцияға қазақстандық ғылыми-зерттеу орталықтары мен институттарының зерттеушілері, Қазақстан және Ресейдің 15 жоғары оқу орнының ғалымдары мен оқытушылары, қоғам және БАҚ өкілдері қатыспақ. Конференция Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА жанындағы Ғылыми-сараптық кеңестің төрағасы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өтеді.
Ғылыми-сараптық кеңестің алдына қойылған Ассамблеяның қоғамдық институт ретіндегі рөлін күшейту, оның қызметін ғылыми-сараптамалық қолдау және этносаясаттың әртүрлі салалары бойынша нақтыланған ғылыми ұсынымдар әзірлеу бағытындағы негізгі міндеттерін жүзеге асыру үшін конференцияда талқылау үшін: әлемдегі ұлысаралық қатынастардың қазіргі жағдайы мен болашағы; халықаралық және қазақстандық тәжірибе; Қазақстан халқы Ассамблеясы мәдениетаралық диалог жағдайында; көпұлыстық қоғамдағы азаматтық келсім; Қазақстан халқын біріктіру және ұйыстырудағы тілдің орны; Қазақстан халқы Ассамблеясының ғаламдық дағдарыс жағдайындағы қоғам ресурстарын топтастырушы құрал ретіндегі рөлі (пікірсайыс нысанында) мәселелері талқыланады.
Конференцияның басты мақсаты Қазақстандағы ұлысаралық қатынастың өзекті мәселелеріне талдау жасау, ғылыми қауымдастықтар пен этномәдени бірлестіктердің еліміздегі ұлысаралық қатынастарды нығайту мен қазақстандық қоғамды топтастыру бағытындағы ынтымақтастығын күшейтуге арналған ұсынымдар әзірлеу болып табылады. Конференция материалдары жинақталып, жүйеленіп, баяндамалардың арнайы жинағын шығару жоспарланған. Аталған жинақ еліміздегі барлық жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарға таратылады.