15:33, 25 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада Қазақстан мен Беларус үкіметтерінің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі басталды
АСТАНА. Ақпанның 25-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Қазақстан Республикасы мен Беларус Республикасы үкіметтерінің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі басталды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Келіссөзге Қазақстан тарапынан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов, Индустрия және сауда министрі Владимир Школьник, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко және басқа да ведомство өкілдері, ал Беларус мемлекеті жағынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Владимир Семашко мен осы ел министрліктерінің өкілдері қатысуда.
Келіссөз барысында әр сала бойынша сауда-экономикалық қарым-қатынасты нығайту мәселелері қаралмақ. Қазіргі уақытта Қазақстанда беларустық кәсіпорындардың 23 сервистік орталығы, 30 бірлескен кәсіпорын, сондай-ақ 6 сауда үйі жұмыс істеуде. Нәтижесінде, 5 жылдың ішінде тауар айналымы 9,5 есеге өскен. Оның ішінде экспорт 9,2 есеге, ал импорт 10,2 есеге жоғарылаған. 2008 жылдың ішінде екі ел арасындағы тауар айналымы 567 млн. АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Қазақстанға Беларус экспорты 396,2 млн. АҚШ долларын, ал Қазақстан экспорты 170,8 млн. АҚШ долларын құрады.