Астанада Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы жаңа келісімдерге қол қойылды

АСТАНА. KAZINFORM — Үкіметаралық комиссияның кезекті отырысында Қазақстан-Түрікмен ынтымақтастығының қазіргі жағдайы мен даму перспективалары қаралды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады. 

Ғалымжан Қойшыбаев
Фото: Үкімет

Премьер-министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасының Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев пен Түрікменстан Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Нөкерғұлы Атағұлыевтің тең төрағалығымен Экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түрікмен үкіметаралық комиссиясының 14-отырысы өтті.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық пен өнеркәсіптік кооперация, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, мұнай-газ салаларын және білім беру, мәдениет мәселелерін талқылады.

ҚР вице-премьері Ғалымжан Қойшыбаев Қазақстан екіжақты қатынастардың барлық бағытын дамытуға дайын екенін атап өтті. Отырыс қорытындысы бойынша тиісті хаттамаға қол қойылды.

Ғалымжан Қойшыбаев
Фото: Үкімет

Комиссия отырысының аясында екі елдің мемлекеттік органдарының, даму институттары мен іскер топтарының өкілдерін біріктірген Қазақстан-Түрікмен бизнес-форумы өтті. Іс-шараға 40-қа жуық түрікмендік және 100 қазақстандық компания қатысты.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылды:

  • «QazTrade» ССДО» АҚ мен Түркіменстанның өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағы арасындағы өзара іс-қимылды дамытуды көздейтін ынтымақтастық туралы меморандум;
  • «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен «Hazar Logistik» ҚҚ арасында, сондай-ақ «Silk Way Asia Trade» ЖШС мен ЖК «Gamma»арасында электрондық коммерция саласындағы ынтымақтастық туралы уағдаластықтар;
  • «Ashra Solutions» ЖШС мен «Ojar Aziýa» ЖК арасында инвестиция-құрылыс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім. 

Айта кетелік Қазақстанның Түрікменстанға ауыл шаруашылығы тауарлары экспортының көлемі өскен еді