Астанада «Қазақстан-Сириус» білім беру орталығы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путинге Астанада салынатын «Қазақстан-Сириус» білім беру орталығының іргетасын қалау жобасы көрсетілді.
Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Ресей Президенті Владимир Путиннің қатысуымен өткен кеңейтілген құрамдағы келіссөздерден кейін «Сириус» мектебі бастамасы таныстырылды.
Бұл ретте Астанада дарынды балаларға арналған «Қазақстан – Сириус» мектебі ашылады. Мұнда оқушылар қазақ және орыс тілдерінде оқытылмақ. Білім бағдарламасында жасанды интеллект, инженерия, ғарыш және өмір туралы ғылымдар үйлестірілмек.
- Бүгін Астанада «Қазақстан-Сириус» халықаралық білім беру инфрақұрылымы жобасының капсуласы салынып жатыр. Бұл жоба балабақшаның, халықаралық мектептің, сондай-ақ жастарға арналған ғылыми-технологиялар паркінің құрылысын қамтиды. Бұл жобаның мақсаты – дарынды балаларды тәрбиелеу, дамыту және қолдау, - деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кетейік, жақында Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев елімізге ресми сапармен келген РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті.
Е. Көшербаевтың атап өтуінше, Қазақстанда Ресейдің 9 жоғары оқу орнының филиалдары жұмыс істейді. Олардың қатарында халықаралық қатынастар саласы үшін ерекше маңызды Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы бар. Сондай-ақ өткен жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбы қаласында филиалының ашылуы да маңызды көрсеткіш саналады.
Қазақстанның 60 жоғары оқу орны Ресейдің 50 университетімен әріптестік байланыс орнатқан.
Сонымен қатар Астана мен Алматыда дарынды балаларды қолдауға арналған «Сириус» мектебінің филиалдарын ашу жоспарланып отырғаны мәлім болды.
Сол сапары кезінде Сергей Лавров Ресейде 3 қазақ мектебі ашылатынын айтты.
Еске салсақ, биыл қаңтар айында Алматыда «Сириус» білім беру орталығымен ынтымақтастық аясында I Таланттар саммиті өтті. Саммит барысында «Сириус» мектебі мен білім беру орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті.