Астанада Қазақстан және Әзербайжанның тәуелсіздіктерінің 25 жылдығына орай жиын өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) мен Әзербайжан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі бірлесіп Астанада Қазақстан және Әзербайжанның Тәуелсіздіктерінің 25 жылдығына, әрі әзербайжан халқының жалпыұлттық көшбасшысы Гейдар Әлиевтің өмірден озғанына 13 жыл толуына орай халықаралық конференция өткізді, деп хабарлайды академияның баспасөз қызметі.

Басқосуға қос мемлекеттің қоғам және мемлекет қайраткерлері, Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпус өкілдері мен ғалым-сарапшылар қатысты.

Салтанатты жиынды құттықтау сөзімен ашқан Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Рашад Маммадов жалпыұлттық көшбасшы Гейдар Әлиевтің тәуелсіз Әзербайжан мемлекетін қалыптастырудағы өлшеусіз үлесі жөнінде баяндады. Бауырлас екі ел арасындағы ынтымақтастық, дипломатиялық байланыстар тарихы жөнінде де айтып өтті.

Келесі болып сөз алған TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі түркі тарихында ерекше орын алған тегеурінді тұлғалардың тағылымына тоқталды. Оның ішінде Г.Әлиевтің түркі халықтардың ынтымақтастығы үшін атқарған қызметін де тілге тиек етті.

Сонымен қатар, Түркітілдес мемлекеттер Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, профессор Әділ Ахметов, ҚР БҒМ Мемлекет тарихы институтының директоры, профессор Бүркіт Аяған, академик Болат Көмеков жиында арнайы баяндама жасап, Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған түркі елдерінің дамуы жайында айтты.

Келелі жиын аясында қатысушылар Әзербайжан мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы тарихи даму жолдары мен жетістіктері жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды.

Түркітілдес мемлекеттер Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған жиын аясында кітап және фотокөме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Әзербайжан елшілігі қатысушылар назарына Гейдар Әлиевтің өмір жолына арналған деректі фильм ұсынды.

Соңғы жаңалықтар
telegram