Астанада «Қазақстандағы ақпаратқа қол жеткізу: қазіргі жағдайы мен болашағы» атты конференция өтеді
Шараны БҰҰ Даму бағдарламасының, Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің қаржылық қолдауымен және АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (ЮСАИД) ұйымдық қолдауымен «Нұр Отан» партиясы жанындағы Құқықтық кеңес, ҚР Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссиясы, БҰҰ-ның Қазақстандағы даму бағдарламасы, Қазақстандағы Интерньюс Нетуорк және ЮНЕСКО ұйымдастыруда. Конференция ұйымдастырушылар мен оған қатысушылардың қазақстандық қоғамды одан әрі демократияландыру, әркімнің ақпаратты еркін алу және тарату бойынша конституциялық құқығын барынша толық іске асыруға арналған жағдайларды дамыту жөніндегі қоғамның ілгерінді күштерін шоғырландыруға ұмтылуын көрсетеді.
Конференция шеңберінде азаматтар мен ұйымдардың мемлекеттік институттармен ақпараттық өзара қатынастарының оңтайлы моделін қалыптастыру мәселесі талқыланатын болады. Қатысушыларға БҰҰ-ның Қазақстандағы Даму бағдарламасының жобасы шеңберінде азаматтық қоғам өкілдерін қатыстыра отырып, «Нұр Отан» ХДП-ның Парламентаризм институтының сарапшылары әзірлеген «Жария ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы ұсынылатын болады.
Үшінші сессия барысында ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Байланыс және ақпарат, Әділет вице-министрлері, ЮНЕСКО және БҰҰДБ сарапшылары, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, журналистер корпусының өкілдері өз пікірлерін білдірмек.
Конференция қатысушылары ақпаратқа қол жеткізуге арналған құқықты нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету және ақпаратқа қол жеткізуге арналған құқықтарды қамтамасыз ету саласындағы заңнамалық қызметтің халықаралық тәжірибесін белсенді пайдалану жолдары мен перспективаларын талқылауға ерекше назар аударатын болады. Сондай-ақ билік органдарының ақпараттық ашықтығы, ақпараттық өзара іс-қимыл проблемалары, қоғамға жариялануға жататын ақпаратқа қол жеткізушіліктің этикалық және құқықтық аспектілері, ақпаратқа қол жеткізу саласындағы құқық бұзушылық үшін жауапкершілік (әкімшілік, қылмыстық) т.б. мәселелер талқыланады.
Конференция қатысушылары оның жұмыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жіберіліп, БАҚ-та жарияланатын ұсынымдар әзірлейтін болады.