Астанада Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығы салтанатты түрде ашылды

Орталықты ресми түрде «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» (ИТТО) АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Саят Нүсіпов пен Францияның сыртқы сауда бойынша Мемлекеттік хатшысы Анна-Мари Идрак ашты.
С.Нүсіповтың атап көрсеткеніндей, Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығы Франция Президенті Николя Саркозидің 2009 жылғы қазан айында Қазақстанға жасаған сапары барысында жасалған келісімнің нәтижесі бойынша құрылды.
Өз кезегінде А.Идрак, екі ел Үкіметтері мен Президенттері көлік құралдарынан бастап қоршаған ортаны қорғауға дейінгі түрлі жаһандық жобаларды әзірлегенін атап өтті.
«Бұл жобалар техникалық білімдерді анағұрлым инновациялық салаларға бағыттауды көздейді. Ашылғалы отырған орталықта Қазақстан мен Францияның инженерлері технология саласындағы басымдықты мәселелер бойынша бірлесе жұмыстар атқаратын болады. Олар мысалға, нанотехнологиялар мен күн энергиясына қатысты», - деді ол.
Еске сала кетейік, Н.Саркозидің Қазақстанға сапары кезінде екі ел Үкіметтері арасында инновациялық негіздерде экономиканың нақты секторын дамыту бағытында үкіметаралық келісімге қол қойылған болатын. Осыған сәйкес, Қазақстан Республикасында бірлескен кәсіпорындар құру мақсатында 2010 жылғы сәуірдің 6-7 күндері ИТТО мен Стратегиялық зерттеулердің еуропалық компаниясы арасында Қазақстандық-француздық технологиялар трансферті орталығын құру бойынша Консорциалды келісім жасалды.