Астанада қазақстандық ғалымдар инвесторларға 50 жаңа өнертабыс ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада қазақстандық ғалымдар ҚР Білім және ғылым министрлігінің жанындағы «Технологияларды коммерцияландыру» жобасы аясында жаңа 50 өнертабыс ұсынды.

Астанада қазақстандық ғалымдар инвесторларға 50 жаңа өнертабыс ұсынды

«Технологияларды коммерцияландыру» жобасы 2008 жылдан бастап іске асырылуда. Оның аясында отандық ғылыми жобалар зерттеу басталғаннан нарыққа шыққанға дейін сүйемелденеді. 2011 жылдан бастап жалпы сомасы 5,9 млрд теңгеге 65 жобаға қолдау көрсетілді. Бүгінде 18 компания нарыққа шықты, ал жобалар бойынша сату сомасы 66 млн теңгені құрады. Сондай-ақ 180 млн теңге мөлшерінде инвестиция тартылып, әріптестік туралы 25 шарт жасалды.

«Бүгін Қазақстанның 50 ғылыми әзірлемесі ұсынылды, олардың коммерциялық әлеуеті жоғары. Бұл әзірлемелер қызығушылық танытқан инвесторларға, сондай-ақ әлеуетті тұтынушыларға ұсынылды. Бүгінгі шара аясында ынтымақтастық туралы екі меморандумға, технологияларды әзірлеушілерден коммерциялық кәсіпорындарға беру туралы лицензияланған үш келісімге қол қойылды. Қазір біз қазақстандық технологиялардың сұранысқа ие екенін байқап отырмыз», - деді Технологияларды коммерцияландыру орталығының бас директоры Дамир Егізбаев.

Шараға кәсіпкерлік, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар өкілдері, сондай-ақ АҚШ пен Ресейден коммерциялық технологиялар саласындағы шетелдік сарапшылар қатысты.