Астанада Кенесары ханның ескерткіші жөнделіп жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кенесары ханның ескерткішін қайта қалпына келтіру жұмыстары 17 қыркүйекке дейін аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елорда Инфоға сілтеме жасап.
None
None

«Біздің өңірдің климаттық жағдайына, оның ішінде жауын-шашын мен ауа температурасының өзгеруіне байланысты желім негізіне орнатылған қыш тақтайлар қабыршықтанып, қабырғадан ажырай бастайды. Тақтайлардың түсі өзгеше болғанымен, қабыршықтана береді. Осыған орай, ескерткіштің авторымен бірлесіп жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды», - деді Астана қаласының Тарихи-мәдени мұра мен ескерткіштерді сақтауды қамтамасыз ету дирекциясының директоры Мейрамбай Оралов.

Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары кезінде ескерткіштің тұғырындағы барлық ескі қыш тақтайлар алынып (тақтайшалардың қалыңдығы - 2 см), қалыңдығы 4 см қыш тақтайшаларға ауыстырылады. 

«Қазіргі күні қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ескерткіштің тұғыры бекітіліп, қыш тақтайшалар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары басталды. Жөндеу жұмысын 17 қыркүйекке дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.

Айта кетейік, Астанадағы Есіл өзенінің жағасындағы Кенесары ханның ескерткіші 2001 жылы орнатылған. Қоладан құйылған ескерткіштің сәулетшісі Шота Уәлиханов пен мүсіншісі Нұрлан Донай. Салмағы 10 тонна болатын ескерткіш тұғырдың биіктігі - 6 метр.

Соңғы жаңалықтар