Астанада кезекте тұрғысы келмеген тұрғын мәселені қарумен шешуді жөн көрген
АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат - Астана жол-патрульдік полициясының қызметкерлері техникалық қызмет көрсету стансасының қызметкерлеріне оқ атқан 23 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлады Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінен.
Көлігінің доңғалақтарын ауыстыруға келген жас жігіт өз кезегін күткісі келмей, сол үшін станса жұмысшыларымен сөзге келіп қалған. Жанжал кезінде төбелесқор қызметкерлерге травматикалық қарудан оқ атқан.
Атыстың салдарынан, 33 жастағы ер адам кеуде тұсынан жарақат алды. Екінші жұмысшының жамбасы жараланды. "Жедел жәрдем" дәрігерлерінің көмегімен екеуі де ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 257-бабының 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Травматикалық тапанша тәркіленді. Жедел тергеу шараларының барысында күдіктінің осыған дейін дәл осындай қылығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. Ұсталған адам Астана қаласының уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.