Астанада кезекті Ұлттық дельфий ойындары басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат –13-17 қыркүйек аралығында елордада «Silkway Creative Games» XIV Ұлттық дельфий ойындары өтеді. Бұл туралы Астана қаласының коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Мәдениет басқармасы мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің басшысы Ақерке Жұманбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«13-17 қыркүйекте елордада «Silkway Creative Games» XIV Ұлттық дельфий ойындары өтеді. 2023 жылдың 30 сәуірі мен 5 қыркүйегі аралығында Ұлттық Дельфий комитеті өңірлік іріктеу турларын өткізді. Оның қорытындысы бойынша әр облыстардан үздіктер анықталып, Ұлттық дельфий ойындарына қатысу үшін өңірлік құрамалар жасақталды. Биыл ұлттық ойындар Қазақстанда 14-ші рет өткізіледі, ал Астана бұл ауқымды мәдени шараны 4-ші рет қабылдауда. Ойындар 10-15 және 16-25 жас санатындағы 14 конкурстық номинация бойынша өтеді. Қатысушылар фортепиано, скрипка, академиялық ән айту, халық аспаптары, халық әні, халық биі, заманауи би, фотография, киім дизайны, көркем оқу, театр өнері, бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, ым-ишара тілінде ән айту бойынша бақ сынайды», - деді Ақерке Жұманбаева.

Оның айтуынша, Ұлттық дельфий ойындарына қатысу үшін еліміздің 17 облысынан 500 қатысушы келеді деп жоспарлануда.
«Ұлттық дельфий ойындарының жеңімпаздары биыл 6-10 қазан күндері Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өтетін Халықаралық дельфий ойындарында өнер көрсетуге мүмкіндік алады», - деп түйіндеді Ақерке Жұманбаева.
