Астанада классикалық шахматтан Қазақстан біріншілігінде жеңімпаздар анықталды
АСТАНА. KAZINFORM - Астана қаласында өткен классикалық шахматтан Қазақстан біріншілігінде жеңімпаздар анықталды.

Ел біріншілігі 21 мамыр мен 1 маусым аралығында өткізілді. Жарыс барысында 14 қатысушы арасынан Алматы облысынан келген 14 жастағы Елназ Қалиахмет (10 ұпай) чемпионы атағын иеленді. Ол Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Алуа Нұрман, Ксения Балабаеваны артта қалдырып кетті. Осылайша ол Қазақстанның ең жас чемпионы атанды. Сондай-ақ үздік үштікте атыраулық Зарина Нұрғалиева (9,5 ұпай) мен астаналық Меруерт Камалиденова (8,5 ұпай) бар.
Ал ерлер арасында чемпиондықтың тағдыры Қазыбек Нөгербек пен Денис Махневтің арасындағы қосымша рапид және блиц партияларында шешілді. Нәтижесінде Қазыбек өз мансабында алғаш рет топ жарды.
Осылайша алғашқы екі орынды 9 ұпай жинаған астаналық Қазыбек Нөгербек пен павлодарлық Денис Махнев өзара бөліссе, Шығыс Қазақстан облысынан келген Алдияр Аңсат үшінші орын алды.
Турнирдің жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық 19 жастағы Ксения Балабаева Біріккен Араб Әмірлігінің Әл-Айн қаласында өткен Азия чемпионатында классикалық шахматтан қола медаль алды.