Астанада қоқыс полигоны өртеніп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Осы сәтте ТЖМ құтқарушылары Астана қаласының Байқоңыр ауданында қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны аумағындағы тілсіз жаумен арпалысып жатыр.
«Қазіргі уақытта ашық жанып жатқан учаске жоқ. Жергілікті жерде өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта отқа су құйылып, арнайы техникамен топырақ себіліп жатыр» дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өрттің алдын ала аумағы — 500 шаршы метр. ТЖД күш-құралдары жұмылдырылды.
Рекультивация жұмысы кезінде қоқыс ашық жалынмен жана бастаған.
Желдің отты сөндіруге кедергі жасағанына қарамастан жалынның жан-жаққа таралу қаупі жоқ.
Осы жазда еліміздің бірқатар өңірінде қоқыс полигондарында өрт тұтанды.
Айталық, маусымда Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданының Дөскей аулынан 4 км қашықтағы полигонда өрт болды.
Жалын 1000 шаршы метр аумақты шарпыды.