Астанада қолданыстағы нысандарға «үнемдеу сертификаты» тапсырылып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Жасыл экономика және «G-Global» даму коалициясы» басқармасы әлеуметтік нысандардан бастап, ірі сауда орталықтарына дейін «үнемдеу сертификатын» тапсыруға әзір екендігін мәлім етті. 
None
None

Аталған сертификатқа ие болу нысандардағы электр энергиясы, жылу және суды үнемдеуге септігін тигізбек, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Аталған стандарт қонақ үйлердің, құрылыспен айналысатын ұйымдардың, қозғалмайтын мүлік нысандарын пайдаланатын ұйымдардың энергиялық тиімділігін, ресурсын үнемдеп, экологиялылық деңгейін арттыруға бағытталған. Демек, осы саланың мамандары сертификатқа ие болғысы келген нысандардың ресурсты жұмсауын тексере келе тиісті кеңестер мен нұсқауларды ұсынады. Нысан шарттарға сай келген жағдайда оларға кезең-кезеңімен қола, күміс және алтын сертификаттар табысталады.

«Бұл сертификат ең алдымен ірі қалалардағы қонақ үйлердің энергия және жылу, су үнемдеуі үшін аса қажет. Нысан сертификатқа сай келсе жарық үшін төленетін ақы төрт есеге дейін қысқарады. Экологиялық тазалыққа да пайдасы зор. Бүгінгі күні ауыл мектептері әлі күнге дейін көмірмен жылытылып отырғанын білеміз. Әр мектептің экологиялық шығыны жылына 700 мың теңгеге дейін жетеді. Ал үнемдеу сертификаты бұл шығындарды қысқартуды көздейді», - дейді аталған басқарманың төрағасы Салтанат Рахымбекова.

Оның айтуынша, барлық қонақ үйлерден бастап сауда орталықтарына дейін сертификатқа ие болуына жол ашық. Осы арқылы кәсіпкерлер нысандарына энергия, су және жылу бағытында қаншалықты шығын келтіріліп жатқанын, сонымен бірге шығындарды қысқарту үшін қандай технологияларды қолдануға болатынын біле алады.

«Жасыл экономика» және энергияны үнемдеу мәселелері бойынша сарапшы Елдос Абақановтың айтуына қарағанда, қозғалмайтын мүлік нысандарын ерікті сертификаттау жүйесі өткен жылдың 70 жылдары әлем елдерінде қолданыла бастаған.

«Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Ұлыбритания, АҚШ, Германия елдерінде жасыл стандарттарды енгізу тәжірибесі бар. Жалпы Ресейдегі «Экологиялық сертификаттау орталығымен»  келісімге келіп, көктемде ғана сертификат беру құқығына ие болып отырмыз», - дейді ол.

Елдос Абақанов өз сөзінде сертификатқа ие болу бірнеше кезеңнен тұратынын атап өтті. Мамандар нысандардың температурасынан бастап, энергия, су және жылу жүйелерін толық тексереді. Оған қоса радиацияның мөлшері өлшеніп, нормаларға сәйкес келетіні немесе келмейтіні сараланады.

 Бүгінгі таңда сертификат «Арнасай» жасыл технологиялар орталығы мен Президент резиденциясына («Ақорда»)  тапсырылған. Бүгінгі жиында қола сертификат «Жұмбақтас» қонақ үйіне табыс етілді.

Соңғы жаңалықтар
Референдум