Астанада көлік ұрылары ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада полиция қызметкерлері көлік ұрыларын қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Жедел алдын алу шаралары барысында есепке қою деректерін тексеру үшін 150-ден астам адам жеткізілді. Аккумулятор ұрлаумен айналысқан топ, 2 автомобиль ұрлау күдігіне іліккен екі адам ұсталды. Сондай-ақ бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық анықталды», - деп хабарлады Астана қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен.
Қалалық департамент баспасөз хатшысының түсіндіруінше, автокөлік бөлшектерін ұрлаумен айналысу күдігіне іліккендер «Сатып алу» жедел алдын алу шарасы нәтижесінде қолға түскен.
«Бампер, дөңгелек, аккумулятор, автомагнитола сияқты 500-ден астам атаулы бөлшектер тәркіленді. Сауда нүктелерінің бірінен 20 аккумулятор тәркіленіп, олардың бір бөлігі ұрланған дүние ретінде танылды», - деді ол.
Бұған дейін елорданың екі ірі автомобиль базары «Көктал» мен «Титанда» полиция қызметкерлері жедел алдын алу шарасын бастағаны хабарланған еді.