Астанада көлікке техникалық қызмет көрсету орталығында өрт шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласының өрт сөндірушілері Алматы ауданындағы Сарыағаш өткелінде орналасқан жеке бір қабатты автосервистің ғимаратында шыққан өртті оқшаулады, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде автосервис ғимаратында қою түтін мен ашық жану байқалды. Өрт сөндіру қондырғылары дереу іске қосылды, су үздіксіз жеткізілді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекеттерінің арқасында оттың жақын орналасқан ғимараттарға таралу қаупі жойылды.
— Сағат 20:09–да 102 пультіне Алматы ауданында орналасқан бірқабатты техникалық қызмет көрсету орталығы жанып жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Алдын ала мәлімет бойынша өрт 120 шаршы метр ауданды шарпығаны анықталды. ТЖД қызметкерлерінің арқасында өрттің басқа ғимараттарға таралуы тоқтатылды. Оқиға орнына 4 негізгі техника және 20 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Зардап шеккендер туралы мәлімет түспеді. Сағат 20:35–те өрт оқшауланды, — деді Астана қаласы ТЖД ӨСКҚ жедел кезекшісінің орынбасары Айтуған Бекенов.
Осыған дейін Петропавлда көлік жүргізушісі өрттің дүкенге таралуына жол бермегенін жазғанбыз.