Астанада көмір бағасы шарықтамайды - әкімдік
«Өздеріңіз білетіндей, біріншіден жанар-жағармай қымбаттады. Бұл бір. Екіншіден, «Қазақстан темір жолы» тарифті 25 пайызға өсірді. Сәйкесінше, бұл факторлардың барлығы бизнес өкілдері үшін нарыққа бейімделуге итермелейді. Өзіңіз білетіндей, бізде қазіргі уақытта нарықты экономика. Әкімдік өз тарапынан экономикаға негізсіз араласа алмайды. Біз бұл жағдайды білеміз. Қалаға Шұбаркөлден ғана емес, Майкөбе, Қаражыра, Богатырь кен орындарынан көмір әкелініп жатыр. Қазіргі уақытта көмірдің бір тоннасы 7 мыңнан 15 мың теңге аралығында болып отыр. Апта бұрын ғана көмір әкелушілердің барлығымен бұл сұрақ талқыланған. Бірақ көмір бағасы айтарлықтай аспандап кетпейді. Бағаны тұрақты ұстау мақсатында ірі көмір кен орындарымен келісімшарттар жасалды», - деді Азамат Рашитов.
Бөлім басшысының айтуынша, әртүрлі кен орындарындағы көмірлердің бағасы сапасына қарай әртүрлі болады. Мәселен, Шұбаркөл мен Қаражыраның көмірін салыстыруға келмейді. Себебі, Шұбаркөл өнімінің сапасы жоғары.
«Кәсіпкерлер белгілейтін баға жоғарыда көрсетілген соманың төңірегінде болады. Біз алдын ала талдау жүргізіп, Астанада көмір сататын 20 шақты кәсіпорынның барын анықтадық. Былтыр суық кенеттен түскен кезде аздаған шу болған еді. Биыл көмір сатушы компаниялармен сөйлескенде адамдардың көбі шілде айынан бастап алдын ала көмір сатып алғанын айтты. Суық түскеннен кейін сәйкесінше сатушылар да бағаны аздап көтерді», - деп түйді Рашитов.
Фото: 7kun.kz