Астанада қонақ үйлерге ұрлыққа түскен күдікті ұсталды
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордалық полицейлер қонақ үйлерде болған бірнеше ұрлықтың бетін ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Астана қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу барысында Алматы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қонақ үй ұрысын ұстады. 20 жастағы Қарағанды тұрғыны қонақ үйлерде жасалған екі ұрлыққа қатысы бар болып шықты.
Тергеу барысында белгілі болғандай, жас жігіт күндізгі уақытта қонақ үйге кіріп, жан-жағына байқатпай шатырға көтерілген. Жұмыс күнінің аяқталуын күтіп, қызметкерлер кетіп бара жатқанда мейрамханадан 3 ұялы телефон, 3 рация, құлаққап, Power bank-ті қолды еткен. Ол өзінің осы іс-әрекетімен 430 мың теңгеден астам сомаға материалдық шығын келтірді.
Араға бір-екі күн салып, көршілес қонақ үйдің қабылдау орнынан «Vivo» ұялы телефонын іліп кеткен.
Астана қаласының Полиция департаменті шағын және орта бизнес иелеріне қырағы болуды, объектілерде ұрлықтан қорғанудың қосымша шараларын енгізуді ұсынады.