Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан іріктеу чемпионаты өтеді

АСТАНА. KAZINFORM — 13-15 қазан аралығында Астанада конькимен жүгіруден жекелеген қашықтықтар бойынша Қазақстан чемпионаты өтеді.

Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан іріктеу чемпионаты өтеді
Фото: ҚР ҰОК

Жарыс Халықаралық конькимен жүгіру одағының (ISU) алдағы әлем кубогы кезеңдерінде ел намысын қорғайтын ересектер және жасөспірімдер арасындағы Қазақстан құрамаларын жасақтауға арналған іріктеу кезеңі болады.

Бәсекеге Қазақстанның көшбасшы конькишілері қатысады деп күтілуде. Олардың қатарында 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына қатысқан Евгений Кошкин, Арина Ильященко, Елизавета Голубева және Кристина Силаева бар.

Сонымен қатар былтыр жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында бес алтын медаль жеңіп алған Кристина Шумекова да мұз айдынына шығады. Спортшы жаңа маусымда ересектер санатына ауысты.

Жарыс «Алау» мұз сарайында өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Астанада конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионаты өткенін жазған едік.