Астанада Конституция күніне арналған әскери шеру өтті

АСТАНА. Тамыздың 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Елбасы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің  Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанадағы «Қазақ елі» монументінің алдында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні мерекесіне арналған әскери шеруді қабылдады,
None
None

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Шеруді Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Нұрлан Жоламанов басқарып, сарбаздарды Конституция күні мерекесімен Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков құттықтады. Әскери шеруге Қорғаныс министрлігінің құрлықтағы әскерлері, әуе қорғанысы күштері,  әскери- теңіз күштері, сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерінің сарбаздары мен Республикалық ұланның өкілдері қатысты. Бұлар 2 мыңнан астам сардарлар мен келісім шарт бойынша қызмет етіп жүрген әскери қызметшілер және мерзімді қызметтің сарбаздары болатын. Олар алаңға әскери тәртіппен сап түзеп шығып, мерекеге жиналған көпшілікке еліміздің қорғаныс саласының зор мүмкіндіктерін көрсетті.

 Сонымен қатар мерекелік шеруге Қарулы Күштердің 96 әскери техникасы мен 43 соғыс ұшақтары және тікұшақтары қатысты. Алаңда алдымен  әскери техникалар сап түзеп, олардың әрқайсысының ерекшеліктері мен мүмкіндіктері және олардың соғыс кезінде атқаратын қызметтері жөнінде баяндалды. Әскери техникалардың арасында «БТР-80», «Д-30» көліктері мен «МСТА» зеңбіректері, «Ураган», «Смерч», «Точка-У» сияқты аса қуатты қарулар, сондай-ақ «С-125», «С-75», «С-200» тектес зенитті-зымыранды кешендер тамашаланды. Бұдан соң шеру өтіп жатқан алаңның үстінен қорғаныс саласының ұшақтары мен тік ұшақтары  өтіп, олар әуеде соғыс өнеріне тән түрлі іс-қимылдарын көрсетті.  Сондай-ақ ұшқыштар мерекеге жиналған көпшілік қауымға елорда аспанында Конституция күні мерекесіне арнаған отшашуларын тарту етті.

 Әскери шеруге қонақ ретінде соғыс ардагерлері, жоғары шенді әскери қызметкерлер, еліміздің министрліктері мен ведомстволарының басшылары, Парламент депутаттары қатысты.

Соңғы жаңалықтар