Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Астанада көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі: қандай талаптар сақталмай жүр

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Ғабит Бабаев елордадағы көпқабатты тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілетінін түсіндірді.

Астанада өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзудың 10 000-ға жуық дерегі анықталды
Фото: ТЖМ

192 бұзушылық анықталды

Ғабит Бабаевтың айтуынша, Астанада биіктігі 28 метрден асатын немесе 10 және одан көп қабатты 1138 тұрғын үй бар.

Жыл басынан бері осы санаттағы үйлерде 52 өрт тіркелген. Былтыр осы кезеңде 50 өрт болған. Биыл көпқабатты тұрғын үйлердегі өрт салдарынан 4 адам мерт болып, 8 адам жарақат алды. Оның бесеуі – бала.

Өрттің алдын алу және қауіпсіздікті күшейту үшін Төтенше жағдайлар департаменті көппәтерлі тұрғын үйлерде профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері мұндай шаралар 141 тұрғын үй кешенін қамтыған.

– Негізгі назар эвакуация жолдарының жағдайына, өртке қарсы қорғау жүйелері мен алғашқы өрт сөндіру құралдарының жарамдылығына аударылады. Сондай-ақ өрт сөндіру техникасының ғимаратқа кедергісіз жетуіне жағдай жасалуы керек, – деді Ғабит Бабаев.

Жүргізілген жұмыстар аясында 37 нысан тексерілген. Тексеру қорытындысы бойынша 35 тұлға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 410-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар профилактикалық аралау нәтижесінде 43 нысанға қатысты заңнамада белгіленген тәртіппен тексеру жүргізілген.

– Тексеру нәтижесінде өрт қауіпсіздігі талаптарына қатысты барлығы 192 бұзушылық анықталды. Бүгінде оның 117-сі, яғни шамамен 61%-ы жойылды. Қалған 75 бұзушылық бақылауда тұр. Негізгі заңбұзушылықтар қатарында эвакуация жолдарының бөгелуі, өртке қарсы қорғау жүйелерінің жарамсыздығы немесе талапқа сай күтіп ұсталмауы, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болмауы не жарамсыздығы бар. Сондай-ақ ғимаратқа кіреберісте тұрған автокөліктер өрт сөндіру техникасының өтуіне кедергі келтіреді, – деді Ғабит Бабаев.

Өрт сөндіру техникасының жолын не бөгейді

Көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласына өрт сөндіру және құтқару техникасының еркін кіруіне ерекше назар аударылып отыр.

Ғабит Бабаевтың айтуынша, жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметкерлері прокуратураның үйлестіруімен жедел қызметтердің өтуіне бөгет болатын заңсыз тосқауылдарды анықтау және жою бойынша рейдтер жүргізіп жатыр.

– Рейд барысында заңсыз орнатылған бетон блоктар, бағандар, шынжырлар мен өзге де қоршаулар анықталады. Сондай-ақ талапқа сай қойылмаған, өрт сөндіру техникасының өтуіне бөгет болатын автокөліктерге назар аударылады, – деді ол.

Өрт кезінде әр минут маңызды

Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды аула аумағына өз бетінше қоршау орнатпауға және өрт сөндіру техникасының ғимаратқа жақындауына бөгет болатын жерлерге көлік қоймауға шақырды.

– Өрт болған жағдайда әр минут маңызды. Автокөлік немесе қоршау жауып тұрған бірнеше метрдің өзі өрт сөндіру-құтқару бөлімшелерінің жұмысын айтарлықтай қиындатуы мүмкін, – деді Ғабит Бабаев.

Оның айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін күшейту жұмыстары жалғасады. Негізгі міндет – бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, олардың жойылуын қамтамасыз ету және адам өлімі мен жарақаттануына әкелуі мүмкін жағдайлардың алдын алу.

Айта кетейік, бұған дейін елорда аулаларындағы өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі келтіретін заңсыз шлагбаумдар мен бетон бөгеттер тексеріліп жатқанын жазған едік.