Астанада көпқабатты 840 тұрғын үй кешенінің өрт қауіпсіздігі тексерілді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 15 тамыздан бастап, елорда аумағында «Өрт қауіпсіздігі айлығы» жүріп жатыр. Онда тұрғын үйлердегі өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері түсіндіріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұл туралы Астана қаласы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ажар Рүстемова Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты.

«Қазіргі уақытта Астанада тұрғын үй қоры 31 мыңнан асады. Олардың басым бөлігін қысқы уақытта пешпен жылытады. Жылыту маусымы басталғанша осы пештерді, жылыту жүйелерін қалпына келтіру туралы кеңес береміз. 15 қыркүйектен бастап, тұрғын үйге айналдырылған үйлерді, оның ішінде саяжайларды қамтимыз. Оның жалпы саны 6 мыңнан асады», - деді спикер.

Сонымен бірге, ТЖ мамандары 15 тамыздан бастап, әлеуметтік осал топтардың тұрғын үйлерін аралап, профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр.

«Бұл бағытта мыңнан астам үй есепте тұр. Әзірге 600-ден астам үйді араладық. Осы алдын алу жұмыстары кезінде 40-тан астам көміртегі газын анықтайтын датчик орнаттық. Оған қоса, қаладағы зәулім ғимараттарды да естен шығармадық. Әзірге 840 биік тұрғын үй кешендерін тексердік, алдын алу шараларын жүргіздік, өртті болдырмау жолдарын түсіндірдік», - деді А. Рүстемова.

Маманның айтуынша, жылыту маусымы қарсаңында пешті тексеріп, жөндеп, мұржа жолдарын тазарту қажет. Жылыту басталғанда да дер кезінде күл шығару, күйеден тазарту маңызды.


Соңғы жаңалықтар