Астанада «Корей ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - 22 тамызда Астанадағы Корей елшілігіне қарасты «Корей мәдениеті» орталығында «Фолиант» баспасы басып шығарған «Корей ертегілері» кітабының тұсаукесері өтті.
None
None

Корей тілінен қазақшаға алғаш аударылып, оқырманға ұсынылып отырған аталмыш кітаптың авторы - есімі елімізге танымал бола бастаған шығыстанушы, аудармашы, жергілікті және мемлекеттік басқару саласының маманы Дастан Ақаш. Кітаптың суретшісі - Айсұлу Алмасбаева. Тұсаукесер рәсіміне қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері ақын Ақұштап Бақтыгереева, Несіпбек Айтұлы сынды қаламгерлермен қатар БАҚ өкілдері, корей ұлтының өкілдері қатысты. Қазақстан мен Корей елінің арасындағы мәдени-экономикалық байланыстарды жаңа деңгейге көтеру мақсатында қолға алынған іс-шараның көрігін қазақ және корей тілдерінде шырқалған әсем әуендер аша түсті. Құттықтау лебіздерін білдірген қонақтар екі ел арасындағы бауырмалдық пен ынтымақтастықты, екі ел әдебиеті арасындағы алтын көпір жайын сөз етті. Корей елінің ізетті де, ізгі қасиеттерін арқау еткен кітаптағы 10 ертегінің тілі тартымды, мазмұны бай. Кітап бүлдіршін қазақ балаларына ғана емес, корей тілін үйренуші студент жастарға, корей мәдениеті мен экономикасына қызығушыларға арналған. Баспа ұжымы жуық арада «Корей ертегілерінің» екінші кітабымен оқырмандарды қуандырмақ ниетте екенін айтты, деп хабарлайды Әдебиет порталы.

Соңғы жаңалықтар