Астанада көркем голограммалардың II Бүкіләлемдік көрмесі ашылды

АСТАНА. 5 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Оқушылар сарайында «Голография - 2012» атты көркем голограммалардың II Бүкіләлемдік көрмесі ашылды.
None
None

Экспозицияда Австрия, Беларусь, Ұлыбритания, Германия, Испания, Канада, Қытай, Литва, Нидерланды, Португалия, Ресей, Румыния, АҚШ, Түркия, Франция, Украина, Израиль және Жапония шеберлерінің 150-ден астам көркем-голограммалық жұмысы қойылды. Аталған өнер саласының ерекшелігі сол, кез келген заттың, тіпті адам бейнесінің образын голограмма түрінде көруге болады. Мәселен, көрмеде сан алуан елдердің аса қымбат тарихи жәдігерлерін көруге болады. Оның бәрі бүге-шігесіне дейін түпнұсқа үлгісінде жасалған. Бірақ қолмен ұстауға мүмкіндік жоқ. «Негізі, голограммаларды түсіру жұмысы өте күрделі. Мәселен, бір голограмманы мінсіз жаңғырту үшін ұзақ уақыт қажет. Сондықтан кейбір жұмыстардың бағасы түнұсқадан кем түспейді», - дейді Белоруссияның «Голографиялық индустрия» ЖАҚ директорлар кеңесінің төрағасы, көрмені ұйымдастырушылардың бірі Леонид Танин. Оның айтуынша, бұл шараға «Парасат» холдингі себеп болған. «Өткен жылы Минск қаласында өткен көркем голограммалардың I Бүкіләлемдік көрмесіне Қазақстанның атынан «Парасат» холдингісінің басшысы Нұралы Бектұрғанов қатысқан еді. Көрме экспозициясын көрген ол бізге бірден қолқа салып, осы іспетті шараны Қазақстанда ұйымдастыруды сұрады. Міне, бүгін ол бастама іске асып отыр», - деді Л.Танин.

Айта кетейік, Астанадағы «Голография - 2012» атты көркем голограммалардың II Бүкіләлемдік көрмесінің ұйымдастырушылары - «Астана Innovation» АҚ, «Парасат» холдингі, Белоруссияның  Ұлттық ғылым академиясы, осы елдің «Голографиялық индустрия» ЖАҚ және «Магия света» ЖШС.  

Соңғы жаңалықтар